Алматы зообағы қоқиқазды көбейту үшін қандай тәсіл қолданды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағында ұзақ уақыттан бері бірінші рет қызғылт қоқиқаз балапаны жұмыртқа жарып шықты. Оқиғаның мән-жайын шағын қорық қызметкерлері ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді. 

Алматы хайуанаттар бағы құрылғалы, 80 жылда тұңғыш рет қызғылт қоқиқаз мекиені ұрпақ жалғастырды.

Ене атанған қоқиқаздар 2010 жылы Кубадан әкелінген. Оның біреуі 25 маусымда, екіншісі 1 шілде күні жұмыртқа шығарған. Бірақ зообақ қызметкерлеріне балапандарды жасанды жолмен басып шығаруға тура келді. 

«Мекиендер бұған дейін жұмыртқа басып көрмеген. Бірнеше рет үйректің жұмыртқасын салған болатынбыз, біріншісінен нәтиже болмады, екіншісі ұяда 10 күндей отырған соң тұрып кетті. Табиғатында олар 40 күн ішінде балапан басып шығаруы тиіс. Соңында жұмыртқаларды инкубаторға ауыстырдық. Бірінші балапан 23 шілде күні, екіншісі 29 шілдеде жұмыртқаны жарып шықты. Енді оларды жетілдіріп жатырмыз. Қазір олар өздерін жақсы сезінеді»,-деді құстар секциясының зоотехнигі Елена Потапенко. 

Балапандар шаянмен қоректеніп, күн сайын буындарын қатайту үшін серуенге шығады.

«Оларға күтім жасау өте қиын. 9 күндік балапандарды күніне 3 рет сыртқа шығарамыз. Олар қаумалды айналып жүгіреді. Ал жаңа туғандары аяққа тұруға әрекеттенеді. Тамақты сұйық күйінде, шприцпен береміз. Артемия шаяны мен дафния, кальмар мен асшаяндарын езіп беріп, түрлі витаминдермен қоректендіреміз. Әрқайсысының қорегінің құрамы әртүрлі»,-деді Елена Потапенко. 

Балапандар аппақ қауырсындарымен тік тұмсықты болып туады. Тек үшінші жылы ғана ересектері сияқты қызғылт түске енеді. Зообақ қызметкерлері үлкеніне Фимка, кішісіне Шемит деп ат қойған. 

«Балапандардың жынысы әлі белгілі болмағандықтан, оларға нейтралды атау бердік. Фимка өзінің атын естіп, жетіп келеді»,-деді ол. 

Қызғылт қоқиқаздар бірнеше жылдан бері зообақта ұя салуға тырысқан екен. 

«Қоқиқаздар бұған дейін бірде-бір рет жұмыртқаламады. Соңғы 3 жылда ұя салмақ болып әрекет қылды. Биыл біз көмектестік. Материалдар әкеліп, балшық пен топырақтан конус тәрізді пирамида жасадық. Бұдан нәтиже болмады. Ақырында мекиендер өздері құрған ұяға отырды. Біздің ойымызша олардың жұмыртақалауына екі мезгілдік ас әсер еткен сияқты. Бұрын тек бір мезгіл тамақтандыратын едік. Биылдан бастап тамақты таңертең және кешке бере бастадық. Біріншіге оларға шаян, кальмар, екіншіге көкөніс және жеміспен араласқан балық фаршын бердік»,- деді Е.Потапенко. 

Қоқиқаз мекиендерінің ұрпақ беруіне тағы бір фактор әсер етуі мүмкін. Ол - тоғанға айнала орналастырылған айналар.  

«Зообақта 19 қоқиқаз бар. 2015 жылы оларға арнап тоғанға үлкен 7 айна қойдық. Мұндай айланы Сидней зообағы қызметкерлері ойлап тапқан екен. Бар жоғы 11 қоқиқаз өмір сүретін хайуанаттар бағында оларды көбейту үшін осындай тәсіл қолданылған»,-деді зообақ қызметкері Сорокомов. 

Еске сала кетсек, кеше зообақтың директоры Айгүл Тулеева қуанышты жаңалықпен бөліскен болатын. 

Фото: Михаил Сорокоумов

Соңғы жаңалықтар