Алматы зообағы альпаканың жүнін қырқатын грумер іздеп жатыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы зообағы түйетұқымдас жануар – Шоколадка есімді альпаканың жүнін қырқатын маман іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы зообағының мәліметінше, жануарлардың жүні түсіп, түр-түстері күтімсіз болып көрінуі қалыпты табиғи жағдай. Бақтағы қасқыр, түлкі, аю, бұғы мен түйелер – барлығы да осы кезде түлейді. Леопардтар мен понилар және Пржевальск жылқыларының жүндері жұқа болғандықтан олардың терісінің түлегені аса білінбейді. Маусым айының ортасында олардың түлеуі тоқтайды.

«Зообағымызға келушілердің көбі жануарлардың күтімі жоқ, жүндері түсіп, қараусыз жүр деп ойлайды. Шындығында жануарларымыздың денсаулығы да, күтімі де жақсы. Олардың жүні түсіп, түр-түстері күтімсіз болып көрінуі – қалыпты табиғи жағдай. Жануарлар көктемде түлейді»,- деп атап өтті Зообақ әкімшілігі.

Қазір зообақ түйетұқымдас жануар – Шоколадка есімді альпаканың жүнін қырқатын грумер іздеп жатыр.

«Зообақ қызметкерлерінің арасында арнайы грумер (жануардың тері, жүнін қалыпқа келтіретін маман) жоқ. Сондықтан альпакаға шаштараз іздейміз. Араларыңызда «жануарлардың шаштаразы» болып, осы жұмысты қорықпай атқара алатындарыңыз бар ма? Бәлкім біздің альпаканың жүнін өзгеше, заманауи түрде ерекше ретке келтіріп бере аласыз? Альпакаға грумер болып беретіндерді зообақта күтеміз», - делінген зообақтың Instagram-дағы хабарламасында.

Айта кетейік, Алматы зообағына ламатұқымдас ерекше жануар былтыр Ресейдің Краснодарск хайуанаттар бағынан жеткізілген.


Соңғы жаңалықтар