Алматы жылыту маусымына дайын

None
None
АЛМАТЫ ҚазАқпарат – Алматы жылу кешені күз-қыс маусымына толық дайын. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Евгений Пак мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, жылыту маусымына 8257 тұрғын үй, 443 білім беру және 91 денсаулық сақтау обьектісі дайын тұр.

«Жылыту маусымына дайындық мамыр айында басталды. Гидравликалық сынақтар жүргізілді, нәтижесінде 626 зақым анықталды және жойылды. 82 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілді, қазандықтарды ауыстырумен технологиялық және қосалқы жабдықтар жөнделді, газ жабдықтары ауыстырылды. Биыл Наурызбай ауданындағы вокзал қазандығын, сондай-ақ «Премьера» қазандығын қайта жаңарту басталды», - деді Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы.

Сонымен қатар, ол 82 қалалық қазандықта және жылу көздерінде, тұрақты түрде, төрт ауысымда жедел персонал тәулік бойы кезекшілік ететінін айтты.

Апат кезінде 13 жедел және жөндеу бригадасы жұмыс істейді. Сондай-ақ 229 мың тонна көмір мен 23,4 мың тонна мазуттың авариялық резерві жинақталды.

Алматыда Түрксіб пен Жетісу аудандарында халыққа арналған 8 көмір базасы бар, алдын ала 90 мың тонна көмір қорын жинау жоспарланған. Бүгінде 27 мың тонна қор жиналды, тағы 3,5 мыңы жолда.

Евгений Пак электр және газ желілерінің дайындығы туралы айтты.

«Алматыда электр желісінің ұзындығы 8,5 мың шақырым. Олардың дайындығы 100%. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ 871 шақырым электр желілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алматыдағы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 4746 шақырым газ желісін басқарады, олар да суық ауа райының басталуына толық дайын»,-деді спикер.

Сонымен қатар, ол Алматы қаласындағы үйлердің 94,5%-ы жылуды есепке алатын қондырғыларға қосылғанын, қалғандары казарма типіндегі үйлер екенін немесе апатты үйлерге тиесілі екенін тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар