Алматы жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін тойлауда (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Республика алаңында ұлыстың ұлы күні тойлануда. Күн мен түн теңелген шуақты мейрамды тойлауға қала халқының басым бөлігі жиналған.

Думанды концертпен басталған мерекені қала әкімі Ахметжан Есімов құттықтау сөзбен ашты.

«Халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаз жылдың бастауы, ақтың молайып, құт-берекенің келуі деп білген. Қазақ тарихында бұл мереке салт-дәстүріміздің, мызғымас бірлік пен достықтың символына айналды. Біздің ең басты құндылығымыз береке-бірлігіміз. Қаламыздың әлеуеті мен көрікті сәулеті артып, келбеті ажарлана түсті. Қала халқының берекелі бірлігінің арқасында экономиканың барлық салаларында қарқынды даму бар. Бұның барлығы сіздердің арқаларыңызда. Ұлыс оң болсын, ақ мол босын!»- деді өз құттықтауында қала басшысы Ахметжан Есімов.

Жиылған қауым жаңарудың символы іспеттес Наурыздың кейіпкерлері Қыдыр Ата мен Ұмай ананы қарсы алып, олардың ізгі батасын алды.

Мереке қазақ эстарадасының жұлдыздары Айгүл Қосанова, Шаба Әденқұлова, «Сарын» тобы, «Мөлдір» балалар ұжымының орындауындағы концертпен ұласты. Алаңда ондаған киіз үй тігіліп келген меймандар ұлттық тағам түрлерінен, наурыз көжеден дәм татуда.

Бүгін Республика алаңында келушілер ұлттық спорт түрлерінен жарысқа қатысып, түрлі жәрмеңкелер мен көрмелерден өзіне қажетті бұйымдарды алуда. Алаң асфальтын балалар өздерінің алаңсыз өмірін бейнелейтін суреттермен бедерлеп тастаған.

Қала жастары алтыбақан теуіп, қазақ ертегілерінің Тазша бала, Жалмауыз кемпір сынды кейіпкерлерімен суретке түсуде.

«Кешке қарай «Номад» каскадерлерінің қойылымы, балалар шығармашылығының фестивалі мен мерекелік от-шашу болады», - деді ұйымдастырушылар.

Соңғы жаңалықтар