Алматы жолдарында жөндеуді қажет ететін 1,8 мың учаске анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжаһан онлайн брифинг барысында қаладағы жолдардың сапасы жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

8 сәуірдегі жағдай бойынша қаладағы 287 көшеде жөндеуді қажет ететін 1 844 учаске анықталған.

«12 сәуір күні қала көшелеріндегі 205 шұңқыр жамалып, 15 қақпақ түзетілді. Сонымен қатар, қаланың коммуналдық және инженерлік қызметі қазған 564 шұңқыр анықталды. Тағы 30 шұңқырды жекеменшік ұйымдар қазған. Қазір қала көшелерін жөндеуге 36 бригада, 160 арнайы техника, 394 жұмысшы тартылды. Яғни, қаладағы 35 көшеде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Алматыда 3 096,8 шақырым жол бар, соның 298,5 шақырымына әлі асфальт төселмеген. 2025 жылға дейін қалада 350 шақырым жаңа жолдың құрылысы жүргізілмек.

«Биыл 200 көшеде 196,5 шақырым аумаққа орташа жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде 17 магистралды көше бар. Атап айтқанда Т.Рысқұлов, Сүйінбай, Қ.Сәтбаев, Күдерин, Райымбек, Б.Момышұлы, С.Сейфуллин және тағы басқалары. Сәуір айында монтаж жұмыстарына дайындық басталады. Ал асфаль төсеу жұмысы мамыр айында жүргізіледі. Магистралды көшелерді жөндеу жұмысын шілде айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Басқа көшелерді жөндеу жұмысы қазан айына дейін жалғасады», - деді Ернұр Әбжаһан.

Сонымен қатар, ол қаладағы 10 ықшамауданда жолдар күрделі жөндеуден өтетінін тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар