Алматы жолдары үш жылда 95% жақсарады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2025 жылға қарай мегаполистегі жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетеді. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматы қаласының көше-жол желісінің ұзындығы – 3096 шақырым, оның 234 шақырымы асфальтталмаған.

«Біз 2025 жылға қарай қаладағы жақсы жолдардың үлесін 95% жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 234 км жаңа жол саламыз, жыл сайын кемінде 200 км жолға орташа жөндеу жүргізіледі», - дейді Ернұр Абжахан.

Сонымен қатар ол үш жолайрықтың құрылысы туралы айтты.

«Бұқтырма – Құлжа трактісі көшелерінің қиылысындағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жер учаскелерін сатып алу аяқталды. Қаражат толық көлемде бөлінді. 1 қыркүйекке дейін эстакада мен пандустарды салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, сол арқылы барлық бағыттар бойынша көліктердің жүруін қамтамасыз ету көзделген. Абаттандыруды ескере отырып, толық аяқтау 2022 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр», - деді басқарма өкілі.

Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жұмыстар да сатып алынған учаскелерде жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 2023 жылы толық аяқталады.

«Саин – Мөңке би көшелеріндегі жол айрығының құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. Жобалау-сметалық құжаттар жасалуда. Биыл коммуникацияларды жөндеу және айналма жолдарды салу бойынша жұмыстар басталады, олар келесі жылдың соңына қарай аяқталатыны көзделгенн»,- деп атап өтті спикер.


Соңғы жаңалықтар