Алматы жастарынан арендалық үйге құжаттарды қабылдау басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды. Бұл туралы брифинг барысында қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер бағдарламаға қатысу шарттары туралы айтты.

«Ең алдымен, өтініш берушілер ЭЦҚ кілтін алуы қажет, тиісті анықтамаларды өтінім берген сәтте ұсыну керек. Құжаттар тізімін мына сайттан https://almaty-jastary.info/ табуға болады. Сол жерде өтінімдерді қабылдау жүзеге асырылады. Құжаттарды тапсырғандар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Қабылдау биылғы 20 қарашада сағат 23.59-да аяқталады. Бүкіл процесс автоматтандырылған және тек сайтта жүреді, сондықтан көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеген жөн»,- дейді Ермек Әміров.

Бағдарлама аясында тұрғын үй тек 5 жылға беріледі, оны 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар ғана алады. Осы уақыт ішінде жеке тұрғын үй сатып алуға немесе бастапқы жарнаға жинақтау ұсынылады. Тұрғын үй үшін ай сайынғы жалдау ақысы 9-10 мың теңге.

«Өтінімді балалары бар отбасылар бере алады. Бұл ретте кемінде соңғы екі жылда Алматы қаласында тұрақты тіркеу талап етіледі. Сондай-ақ, үміткерлерде ҚР аумағында соңғы 2 жылда баспанасы болмауы тиіс. Олардың ай сайынғы жалақысы жұмыстың соңғы 6 айында 40 АЕК-тен жоғары болуы керек – 116 680 теңге», - дейді спикер.

Бағдарламаға қатысатын үміткерлерге мамандықтар бойынша талаптар жоқ, сондай-ақ бюджеттік және мемлекеттік қызметшілерден басқалары да өтінім бере алады.

«Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен 2019 жылы бекітіліп, сол кезде 1050 жас жалдамалы шаршы метрді алды. 2020 жылы тағы 350 адам қоныстанды, жыл соңына дейін әкімдік Наурызбай ауданының «Алма Сити-5» және Алатау ауданының «Мәдениет» жаңа тұрғын үй кешендерінде 1050 бір бөлмелі пәтерді жалға береді»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар