«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай
2021 жылғы 10 қараша 20:41

«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспана бағдарламасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев тікелей эфир барысында 15 қарашада 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталатынын мәлім етті.

Өтінімді 2021 жылдың 20 қарашасында сағат 23.59-ға дейін беруге болады.

Өтінім қабылдау www.almaty-jastary.info.сайтында жүргізіледі, сайтқа өтініш берушілердің электрондық-цифрлық кілтімен кіруге болады.

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: жасы – 29 жасқа дейін, Алматыда соңғы екі жылдан кем емес тұрақты тіркелуі, соңғы екі жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйінің болмауы.

Бұдан басқа, соңғы 6 айда үміткерлердің ай сайынғы жалақысы 40 АЕК-тен жоғары болуы тиіс – 116 680 теңге.

«Берілетін пәтерлер Наурызбай ауданындағы «Алма Сити-5» жаңа тұрғын үй кешенінде және Алатау ауданындағы «Мәдениет» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Жалпы саны – 1 050 бір бөлмелі пәтер. Жалға беру мерзімі – ұзарту құқығынсыз 5 жыл. Бұдан басқа, қалада жастарға «Алматы жастары 3.0» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама бюджеті – 18 млрд теңге. Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 млн теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%»,- деп түсіндірді қала әкімі.

Аталған бағдарлама бойынша жыл сайын 1000 жас бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Бүгінгі таңда «Алматы Жастары 3.0» бағдарламасы бойынша 14,7 млрд теңге сомасына 868 заем берілді.

Бағдарлама білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, БАҚ, әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін жастарға арналған.

Сондай-ақ, оны жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері пайдалана алады.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT