«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау мамырда басталады

2022 жылғы 28 сәуір, 00:19
«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау мамырда басталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биыл «Алматы жастары» жобасы аясында қаланың 1 мың тұрғыны баспаналы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, құжаттар мен өтініштерді қабылдау мамыр айына жоспарланған. Несиенің ең жоғары сомасы 18 млн теңгеге дейін.

Жеңілдікпен несиелендіру бойынша «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы шеңберінде өтінімдер мен құжаттарды қабылдау нақты қашан басталатыны, бағдарламаның биылғы жылғы шарттары мен талаптары бойынша ақпарат қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланатын болады.

Осы бағдарлама аясында биыл 1 мың жас отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады, олар: медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары, ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдарының мамандары.

2020 жылы үй алуға берілетін қарыз 13 млн теңге еді. Былтыр несие көлемі 18 млн теңгеге арттырылды. Егер өтінім қабылданса, оның 10 пайызын, яғни 1,8 миллион теңгені бастапқы жарна ретінде төлеп, 18 млн теңгеге баспана алуға болады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar