Алматы жастары Елбасы туралы кітаптармен танысты (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, «Елін сүйген, ел сүйген Елбасы» атты кітап көрмесі өтті.

Көрмеге қазақ, орыс және шет тілдердегі 3000-нан астам басылым қойылып отыр. Онда Тұңғыш Президенттің өмір жолы, жастық шағы, есейіп, еңбекке араласқан жылдары, саяси және қоғамдық қызметі қамтылған. Тәуелсіз мемлекетіміздің қысқа мерзім ішінде жүріп өткен жолын, тарихи оқиғаларын, Елбасы туралы әлем саясаткерлерінің ой-пікірлері, ақын-жазушылар шығармаларының топтамалары ұсынылды. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың 1958-1969 жылдардағы алғашқы еңбек жолын қамтитын 30-ға жуық мақалалар ұсынылған. Мақалалар республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Казахстанская правда», «Ленинская смена» және облыстық «Индустриальная Караганда», «Орталық Қазақстан», «Темиртауский рабочий», «Социалистическая Караганда», «Металлург», «Советтік Қарағанды» газеттерінде жарияланған. Көрме аясында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттері өз өнерін де ортаға салады. «Ел Президенті күніне арнап кітап көрмесін өткізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз - Елбасының өмір жолы арқылы жастарымыздың ұлтжандылық сезімін, Елбасыға құрметін ояту, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы тарихи рөлін, Қазақстан қоғамын жаңарту мен қайта құруда сіңірген еңбектерін көрсету. Ауқымды болатын себебі, Теміртауда жүрген кезіндегі шыққан мақалаларынан бастап, кезең-кезеңімен хронологиялық тәртіпте қойдық. Бұл көрме 13 желтоқсанға дейін жалғасады», - деді кітапхананың бас директоры Әлібек Асқаров.

Соңғы жаңалықтар