Алматы жастары «Буккроссинг» қозғалысын жандандыруда (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы жастары үйде шаң басып жатқан рухани азық - кітаптарға екінші тыныс беруді ұйғарды. Енді кітапсүйер қауым 28 Панфиловшылар саябағында өзінің қалаған кітабын оқи алатын болады. «Буккроссинг» қозғалысының жаңа толқынын қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырып отыр.

Бүгін саябақта ішіне кітап салынған арнайы жәшікшелер орнатылды. Мұнда келген адам көңілінен шыққан кез-келген кітапты оқи алады. Егер үйіне алып кетем десе, орнына басқа кітап алып келуі керек. Басқарма мамандарының айтуынша, буккроссерлер саябақтан әлем және қазақ әдебиеті көркем туындыларын, сөздіктер, балалар әдебиетін таба алады. «Бүгінгі халықаралық Жастар күнінде рухани жан азығын кеңінен насихаттауды ұйғардық. «Буккросинг» кітапқа екінші өмір сыйлайды. Бәріміздің үйімізде қаншама кітап бар. Оларды сізге қызық болмағанмен, өзгеге қызық болуы мүмкін. Өкініштісі, қазіргі жастар кітап оқымайды. Олар кітаптан гөрі телефонға қадалып отырғанды жақсы көреді», - деді қалалық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Санжар Боқаев. Ашық аспан астындағы кітапханалар биылғы жылы тек 28 панфиловшылар саябағында жұмыс істейтін болады. Жоба өзінің тиімділігін көрсетсе, келесі жылы өзге де саябақтарда осындай жәшікшелер орнату жоспарда бар, дейді ұйымдастырушылар. «Буккроссинг» қозғалысы әлемде кеңінен таралған. Шетелдік оқырмандар тауып алған кітабының ішінде жазылған сайтқа тіркеліп, өзі, яғни кітаптың жаңа қожайыны туралы ақпар береді. Сөйтіп, қозғалысты ұйымдастырушылар кітаптың саяхатын бақылай алады. Осылайша, әлемнің әр түкпірін шарлап, әлі де оқырмандарға пайдасын тигізіп келе жатқан кітаптар бар.

Соңғы жаңалықтар