Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

«Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылдау басталды

2022 жылғы 18 мамыр 10:56

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініштер қабылдау басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдарлама бойынша өтінімдер мен құжаттар 1 маусымға дейін almaty-zhastary.kz веб-сайты арқылы қабылданады.

Сайтта өтініштер мен құжаттарды қабылдау электронды цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асады. Автоматты балл қою үшін электронды калькулятор енгізілген. Жеке кабинет арқылы өтініштің барысымен танысуға болады. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда сағат 23:59-да аяқталып, 20 жұмыс күні ішінде бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Одан кейін әрбір санат бойынша жиналған ең жоғары ұпай санына сәйкес тізім жасалады.

Бағдарламаның бюджетіне 18 млрд теңге қарастырылып отыр. Ал несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 5, бастапқы жарнасы – 10 пайыз. Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан 45 күнтізбелік күн ішінде үй таңдау мүмкіндігі бар. Бағдарламаға қамтылатындар саны 1 мыңға жуық.

Таңдалған тұрғын үйдің құжаттары тұрғын үй қарызын беру мүмкіндігін қарау үшін «Отбасы банк» АҚ-на ұсынылады. «Отбасы банк» АҚ мақұлдауын алғаннан кейін сатып алу-сату шартын және кепіл шартын рәсімдеу және тіркеуді жүзеге асырады.

Өтініш бере алатын азаматтар санатына Алматыдағы мемлекеттік қалалық және республикалық мекемеде еңбек ететіндер, дәрігерлер мен мейірбикелер, педагогтар мен тәрбиешілер, әртістер, жазушылар, мәдениет саласының мамандары, жаттықтырушылар мен спортшылар, ЖОО оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары: журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық), өндірістік салада еңбек ететіндер кіреді.

Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасына қатысу үшін қалада тұрақты тіркелу міндетті емес.


Автор:

Алма Мұқанова

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары