Алматы: Жас натуралистер оранжереясында 250 өсімдік түрі үсіп кетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жас натуралистер стансасында тұтас бір оранжереяның 250 өсімдігін үсік шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анықталғандай, жылу құбырының жарылуынан станса жылусыз қалған. Флора мен фаунаның мүшкіл жағдайы туралы қоғам белсенділері мен табиғатты қорғаушылар дабыл қақты.

«Таугүл шағын ауданында құбырдың жарылуынан Жас натуралистер стансасы да жапа шегіп жатыр. Оранжереядағы өсімдіктердің барлығы қатып қалды. Кейбірін ғимаратқа тасып үлгерді. Ғимаратта да жылу болмағандықтан, олардың онда да үсіп қалу қаупі бар. Сонымен қатар барлық балықтар мен экзотикалық құстарды да үсік шалуы мүмкін», - деді Светлана Спатарь Фейсбуктегі парақшасында.

Аталған стансаның директоры Зейнеп Аришеваның айтуынша, қазір ғимаратқа біртіндеп жылу берілуде.

«Қазір қаланың барлық коммуналдық қызметтері бізге көмектесіп жатыр. Арнайы жылыту құралдарын берді. Жылу құбыры жөнделуде. Бірақ 250 түрлі өсімдіктен тұратын оранжереяны сақтап қалу мүмкін болмады», - деді Зейнеп Аришева.

Айта кету керек,  Пятницкий мен Сүлейменов көшелерінің қиылысына жақын орналасқан аумақта диаметрі 500 мм болатын құбыр жарылған болатын. Осыған байланысты 1300 нысан жылыту жүйесінен ажыратылды.

Атап айтқанда, Новаи, Жандосов, Береговой, Рысқұлбеков көшелері аумағында орналасқан көпқабатты үйлер мен мекемелер жылусыз қалып, аталған аумақтағы мектеп пен балабақша жұмыстарын уақытша тоқтатты.

Құбырдағы апатты коммуналдық қызмет өкілдері түнімен қалпына келтіруге тырысты.

Таңертеңгі 11 шамасында нысандарға біртіндеп жылу беріле бастады.

Соңғы жаңалықтар