Алматы жәрмеңкелерінде қолжетімді бағада қант сатып алуға болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкеге қосымша қант жеткізілді. Осыған орай БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Омаровтың айтуынша, әкімдіктің жәрмеңкелерге қосымша қант жеткізу пилоттық жобасы 16 шілдеде басталды.

«Халықты қантпен қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қолданып жатырмыз. Яғни, үй жанындағы дүкендер мен жәрмеңкелерге қант жеткізудеміз. Жәрмеңкеде көтерме бағасы келісіне 500 теңгеден болса, бөлшек саудада келісі 530 теңге. Әлеуметтік дүкендерде қанттың көтерме бағасы 500 теңгеден сатылады. Дүкендер қантты 15%-дан аспайтын үстеме бағамен сатуға міндеттеледі»,- дейді ол.

Спикердің сөзінше, өткен аптадағы жәрмеңкеде 7,5 тонна қант сатылған.

«23-24 шілдеде қант қалалық бес жәрмеңкеде сатылады. Жалпы шілде айында жәрмеңкелер мен дүкендерге 100 тонна қант жеткізу жоспарланып отыр. Көтерме жеткізушілермен келісімшартқа отырудың арқасында осындай шара ұйымдастыруға мүмкіндік туды»,- дейді Басқарма өкілі.

БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз туры барысында журналистер қант сақталған шағын қоймалар мен жәрменкелерді аралап көрді.

Жәрмеңке Медеу, Алмалы, Бостандық, Түрксіб, Әуезов аудандарында ұйымдастырылған. Қалған үш аудан тұрғындарынан сұраныс түспегендіктен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтпейді.

Айта кетейік, бір адамға бес келі қанттан артық сатылмайды.



Соңғы жаңалықтар