Алматы вокзалдарында өрт қауіпсіздігі қалай сақталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қоғамдық кеңес отырысында қала вокзалдарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚТЖ» АҚ ҰК вокзал шаруашылығы бойынша атқарушы директоры Жұбан Көрпебаевтың айтуынша, елдегі барлық вокзалдарда ревизия жұмыстары жүріп жатыр.

«Қаңтарда жоспардан тыс тексеру болды. «Алматы-1» және «Алматы-2» вокзалдарында өрт қауіпсіздігі дабылын жүргізу бойынша келісім шарттың жоқтығы анықталды. Қазір бұл ескертпелер толығымен орнына келтірілді. Қазір біз эвакуациялық жолдарды тексеріп жатырмыз. Жақында күту залдарында әлеуметтік ролик көрсетілетін болады. Онда адамдар төтенше жағдай бола қалған кезде не істеу керектігін көріп отыратын болады. Видеода ғимараттың эвакуациялық шығу жолдары айқын көрсетіледі», - деді Жұбан Көрпебаев.

Мамандардың айтуынша, вокзалдарда өрт қауіпсіздігімен қатар терроризмге қарсы қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс.

«Әр вокзалда антитеррористік қауіпсіздік мақсатында алдын ала тексеру құралдарын орнату схемасы белгіленді. Бұл жұмыстар қалалық ІІД, прокуратурамен бірлесе жасалды. Сол схемаға сәйкес, қай есіктер үнемі ашық болуы тиістігі көрсетілген. Ал, басқа есіктер магниттік карта бойынша ашылуы тиіс. Төтенше жағдай бола қалған кезде кезекші диспетчер 1 ғана тетікті басу арқылы есіктердің бәрінің ашылуын қамтамасыз етуі тиіс. 12 сәуірде осы автоматтық жүйе толығымен іске қосылады», - деді Жұбан Көрпебаев.

фото:controleng.ru

Соңғы жаңалықтар