Алматы: Тыл ардагерлері І. Жанбосынов пен Ұ. Жанбосынованың шаңырақ көтергеніне - 61 жыл (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алатау ауданында миуалы бәйтерек сияқты тамырын кеңге жайып, ұл, қыз өсіріп келе жатқан Жанбосыновтар әулеті бүкіл аудан жұртшылығына мәлім үлгілі де сыйлы отбасы.

78 жастағы отағасы Ілияс Жанбосынов пен Ұлтай Жанбосынованың шаңырақ көтергеніне биыл 61 жыл толады. Жақын арада олар гауһар тойын атап өтпекші.

Ілияс қарияның балалық шағы соғыс кезімен тұспа-тұс келген. Жасынан еңбекпен шыңдалып өскен бозбала 1954 жылы Кеген аудан орталығындағы көлік-трактор стансасына тракторшы болып орналасады.

Техника саласында еңбек өтілі - 43 жыл.

Жанбосынова Ұлтай апа да тыл ардагері, күміс алқа иегері. Екеуі 8 бала тәрбиелеп, ұлын - ұяға, қызын - қияға қондырған абыройлы шаңырақ иелері атанды.

Олардан 19 немере, 11 шөбере сүйіп отыр. Қариялардың тұңғыш шөбересі 6 жасар Мәди қазір мектеп табалдырығын аттады.

«Балаларымыздың әрқайсысы қазір өмірге кірпіш болып қаланып, бірі-бір саланың маманы болды. Екі немерем Астанада құқық қорғау саласында жұмыс істейді. Екеуі Алматы жол полициясында еңбек етіп жүр. Бір балам темір жол саласында, екіншісі Ұлттық банкте заңгер болып істейді. Қыздарым отбасының түтінін түтетіп үйде отыр», - деді Ілияс қария.

Қазір қарттар өсіріп-жеткізген балаларының қуанышына куә болып, жемісін жеп отыр.

Кез-келген мейрамда, қуаныш-тойда үлкен әулеттің мүшелері қара шаңыраққа жиналады. Әр мерекені олар осы үлкен үйде өткізгенді ұнатады.

«Билікке айтар өкпеміз жоқ. Медициналық көмек те, басқа да әлеуметтік көмек беріліп тұрады. Ақсақалдар алқасында мүше едім. Денсаулығыма байланысты шығып қалдым. Сонда да алқалы жиналыстарға шақырып тұрады. 9 мамырда да үнемі сый-сыяпат алып тұрамыз», - деді ата.

Отбасының бақыты берек-бірлікте,- дейді қария.

«Әрдайым ынтымақта болу, үлкеннің алдын қия кеспеу - шаңырақтың шаттығын сақтаудың бірден бір жолы. Тәуелсіз Қазақстанға адал еңбек етіп, еліміздің көсегесін көгертіңдер. Айтарым осы», - деп түйіндеді ата сөзін.

Соңғы жаңалықтар