«Алматы-Түркістан» веломарафоны Түркістан облысына келіп жетті

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Алматы қаласынан басталған «Алматы-Түркістан» веломарафоны қасиетті Түркістан облысына келіп жетті. Марафоншыларды Жамбыл облысының шекарасынан Түлкібас ауданы жұртшылығы күтіп алып, қонақжайлылықтарын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері патриоттық әндер шырқап, қонақтарға Түлкібастың алмасы мен әр түрлі тағамдар ұсынды.Спортшыларды күтіп алған аудан басшылары оларға құрмет көрсетіп, ізгі тілектерін жеткізді.

«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әр қазақстандық жаңғыруды өзінен бастау қажеттігін айтқан болса, бүгінгі веломарафонға қатысушыларымыз елімізге ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болатындай шараға атсалысып, жаңғырудың айқын үлгісін көрсетуде. Осы жерде ерекше айтарым, өмірдің ауыр тауқыметің басынан өткізген зағип жандарымызбен арбаға таңылса да, өмірден түңілмей қоғамдық шаралардан қалыс қалмай жүрген азаматтарымызға барша түлкібастықтар атынан ерекше құрмет пен алғыс білдіремін», - деді Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Б.Ахметов.

Сондай-ақ, жергілікті билік өкілдері салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды шараның өткізілуіне қолдау көрсеткен «Ел тірегі» Қазақстандық шағын және орта бизнес қауымдастығына, «Анашым» қорына және «Шекарасыз спорт» жобасын ұйымдастырушылар мен басқа да осы марафонға атсалысып жүрген ел азаматтарына алғыстарын жеткізді. Ал, қонақтар болса сонау сый-құрмет көрсетіп, қонақжайлылықтарын танытқан түлкібастықтарға алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, «Шекарасыз спорт» жобасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан марафонға көзі көрмейтін спортшылардан басқа да азаматтар қатысуда. Олардың қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары Зүлфия Габидуллина (параолимпиадалық чемпион) мен Бақтияр Базарбеков (қоғам қайраткері), шекарасыз спорт жобасының режиссері және жетекшісі Валихан Тен (World Class директоры) және тағы да басқа елге танымал жандар бар.

Соңғы жаңалықтар