«Алматы - Түркістан» туристік пойызы жолға шықты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында Түркістан облысында «Алматы-Түркістан» туристік пойызының саяхаттық бағыты ашылып, жолға шықты.

Туристер үшін қолайлы саналатын көлік түрі қос шаһардың арасында әр аптаның жұма-жексенбі аралығында жүретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туристік бағыттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков пен «Туран-Экспресс» компаниясының басшылығы, туризм саласының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада Ербол Тасжүреков өңірде алғаш рет қолға алынып, жұмысын бастаған туристік бағыттың Түркістанға келетін туристер санын одан әрі көбейтетініне сенім білдірді. Туризм саласын дамытуға тигізетін септігінің мол екенін жеткізді.Түркістан шаһарына саяхаттық пойызбен келуші қонақтар екі күн бойы вагондарда қонып, облыстың көрікті жерлерін аралай алады. 22 саяхатшыға арналған вагондар жатын орын, душ сынды барлық қажеттіліктермен қамтылған. Туристер сатып алынған туристік пакет есебінен пойыз мейрамханасында тамақтануына жағдай жасалған.

Аталған пойыз бағыты аясында келген қонақтарға ақпараттық тур ұйымдастырылды. Меймандар алдымен, Отырар, Сауран қалашықтарында болып, одан соң, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының нысандарын көріп, танысады.

Еске сала кетсек, еліміздегі «Туран-Экспресс» ЖШС көліктік компаниясы мен облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Туризм және сыртқы байланыстар және Ішкі саясат басқармалары арасында Түркістан облысында ішкі туризмді дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандум түзілген болатын.

Соңғы жаңалықтар