Алматы тұрғынын дәрігерлер бастағы сирек кездесетін асқынудан аман алып қалды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық дәрігерлер бассүйек-ми жарақатын алған науқасты сирек кездесетін асқынудан аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қаланың 43 жастағы тұрғыны бұрын төбелес кезінде бас-ми жарақатын алған. Кейін науқастың сол көзінің көруі нашарлап, көз алмасы ұясынан шығып, қызара бастаған, сол құлағында шу пайда болған.

Ауруы әдбен шыдатпайтын деңгейге жеткенде науқас Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) жүгінген. Науқастың басына МРТ/МРА жасалып, денесінің сол жақ бөлігінде күретамыр-қуысты сағалар қосылысы (каротидно-кавернозное соустье) анықталды.

Осылайша, науқасқа ҚЖШККА-ның нейрохирургия бөлімшесінде баллон көмегімен дененің сол жағындағы күретамыр-қуысты сағалар қосылысын микроспиральдармен реконструктивті эмболизациялау отасы жасалды.

«Науқасты емдеу барысында Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының офтальмолог дәрігері И.Расуловпен бірлесіп жұмыс істедік. Осының арқасында науқастың көзін сақтап, ауырсынуды жоюға мүмкіндік туды. Хирургиялық араласудан соң науқастың көру мен көз-қозғалыс функциялары ішінара қалпына келді, құлақтағы шу жоғалды, көздің шығыңқылығы басылды, ең бастысы жан төзгісіз ауырсынулар басылды. Операция науқасқа ары қарай өмір сүрүге мүмкіндік берді», - деді ҚЖШККА нейрохирург дәрігері Максим Аргумбаев.

Айта кетейік, операция 2 сағатқа созылды. Ол үшін 10 микроспираль қажет болды.


Соңғы жаңалықтар