Алматы тұрғыны WhatsApp-та жолаушыларды тегін тасымалдау үшін топ ашты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылық Тимур Қасымжанов қала ішінде тегін жүргісі келген тұрғындар үшін Whatsapp мессенджерінде топ ашты. Ол көлік жүргізушілерін қайырымдылық жасауға, жолай кездескен адамдарды тегін тасымалдауға шақырды.

Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасына жазды. Бір айта кетерлігі, алматылықтың бұл ойын құптайтындар баршылық болып шықты. Себебі оның WhatsApp-та  құрған тобы толып қалғандықтан,  ол Телеграм желісіне ауысқан.

«Мен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді біріктіретін топ ашамын деп шештім.

Топтың мақсаты: Мүмкіндігінше жаяу жүргіншілерді тасымалдау. Жүргізуші өзімен бағыты бір жолаушыны кезіктірсе, жолдан алып кетеді.  Ең басты шарт: Тегін тасымалдау.

Бұл ойдың сәтсіздікке ұшырауы да мүмкін. Бірақ азаматтық жауапкершілігі жоғары жандардың көп екенін білемін. Маған дейін де мұндай әрекеттер болған шығар. Бірақ қайтадан бастауға не кедергі? Бәріміз бір-бірімізге бауырмыз, адамдарға қол ұшын созуға міндеттіміз.  Топқа жаяу жүргіншілер ғана емес, жүргізушілер де тіркелуі қажет. Әйтпесе, бізді таситын адам жоқ», - деп жазады ол.

Сондай-ақ Тимур  Whatsapp тобы толып кеткендіктен, Телеграм желісіне ауысқандығын, себебі онда қатысушыларға еш шектеу жоқ екендігін жазған.  

 

Соңғы жаңалықтар