Алматы тұрғыны көлігіне дизель орнына бензин құйып жіберген «Газпромнефть» жанармай құю стансасын сотқа берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғыны «Газпром нефть-Казахстан» ЖШС-нан 230 мың теңге өндіріп алды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет айтты.

Аталған жанармай құю стансасында операторлар Ш.Низамовтың «Volkswagen Multivan» автокөлігіне дизельдің орнына бензин құйып жіберген. Жанармай бекетінен 20 шақырымдай жүрген уақытта қозғалтқыш бөлік жағынан бөтен дыбыстар естіледі, артынша стартер көп уақытқа дейін өшірілмей әбігерге түседі. Көлік қозғалтқышының не себепті істен шыққанын білу үшін автокөлігін толықтай қарайды, сол сәтте «Дизель» деген жанармайдың орнына 115 теңгемен АИ-92 бензин жанармайының құйылғанын растайтын чекке көзі түседі.

Тергеу материалдарына сәйкес, Низамовтың дизель отыны үшін ақша төлегені анықталды. Алайда, чекте бензин деп ұрылған екен.

Шағымданушы техникалық қызмет көрсету стансасына жүгініп, көлікті тексеруге қалдырған. Қызмет көрсету орталығы зерттеу барысында форсунка бөлшегіне механикалық зиян келгенін айғақтайды. Бұзылудың себебі - бензин жанармайын құю болғандығы айқындалады.

Осыған байланысты, талапкер соттан «Газпром нефть-Казахстан» ЖШС-на «Volkswagen Multivan» маркалы автокөлігін қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын өз тараптарынан жүргізуді, сондай-ақ моральдық зиян келтіргені үшін 1000000 теңге шамасында, мемлекеттік бажға төлеген 5556 теңге, тәуелсіз сарапшыға - 12700 теңге, эвакуатордың қызметі 5000 теңге және құқықтық қызметтерге кеткен - 182500 теңгені өндіріп беруді сұрайды.

«Бостандық аудандық соты Ш.Низамовтың талап-арызын жартылай қанағаттандырды. Сот «Газпром нефть-Казахстан» ЖШС-на автокөлікті қайта қалпына келтіру жұмыстарын өз есебінен жүргізуге, Ш.Низамовқа моральдық зиян келтіргені үшін 30000 теңге, оның шығындарын жабу үшін 17700 теңге, құқықтық кеңестерге кеткен 182500 теңгесі мен мемлекеттік бажға төлеген 2029 теңгесін өндіріп беруге шешім шығарды», -деді Қуандық Ешімет.

Шешім заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар