Алматы тұрғыны 80 мың долларға жуық жинағын алаяқтарға аударып жіберген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық әйел 80 мыңдай АҚШ долларын интернет-алаяқтарға аударып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 55 жастағы К. есімді алматылық алаяқтар тобының қылмыстық желісіне түсіп, бір аптадай алаяқтардың талаптарын орындап келген. Олар жәбірленушіні жинаған ақшасын қорғайтындықтарына сендірген.

«Алаяқтардың 21 қазанда ұялы телефон арқылы жәбірленушіге қоңырау шалғаны анықталды. Олардың бірі өзін банк қызметкерімін, екіншісі полицеймін деп таныстырады. Екеуі де «оның шотына белгісіз біреулер шабуыл жасағанын» айтып, «ақшаны одан әрі қауіпсіз шотқа салу үшін банк маманына тапсырып, сақтауды» ұсынған. Әйел адам 74 707 АҚШ доллары мен 1,3 млн теңгесін аударған. Келесі күні жәбірленушіге тағы да «банк қызметкерлері» телефон соғып, 2 млн теңге көлемінде несие алуға көндірген. Әйел қаскөйлердің бұл талабын да орындаған. Тек 1 қарашада ғана алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген», - деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде үш адам анықталып, ұсталды. Олар 24 жастағы С., 26 жастағы А. және 27 жастағы С. – РФ азаматтары. Күдіктілердің жалға алған кеңсесінде 20 ұялы телефон нөмірі және әртүрлі екінші деңгейлі банктерде ашылған 52 банк картасы табылып, тәркіленді. Жауап алу кезінде ұсталған адамдар қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен, криптовалютаға айырбастаумен айналысатындарын, бұл істен өз пайдасын алатындарын мойындады. Қазіргі уақытта қылмыстың басқа да сыбайластарын, сондай-ақ басқа да ықтимал эпизодтарды анықтау бойынша жедел және арнайы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды», - деді Өтебаев.



Фото: polisia.kz

Соңғы жаңалықтар