Алматы тұрғындары үйін бұзақылардан қалай қорғап қалғанын айтып берді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде тұрғындар үйлерін бүлікшілерден қорғап қалған. Оқиғаның мән-жайын тұрғындар айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық тұрғындардың бастан кешкендерін продюсер Сәкен Белгібаев Facebook парақшасында бөлісті.

Оқиға Назарбаев даңғылы 220/3 мекенжайында көпқабатты тұрғын үйде болған. Ол жерде бірнеше мейрамхана болған және бұзақылық кезінде оларды қиратқан.

Онымен қоймай бұзақылар үйді газбен жарғысы келген. Және сол сәтте көпқабатты тұрғын үйде түрлі себептермен адам аз болған.

Үйін бұзақылардан қорғау үшін әйелдер, егде жастағы кісілер мен жергілікті аула тазалаушы Арлан шыққан.

«5 қаңтар. Таңғы серуенге шықтым. Түске қарай митинг басталды. Балконнан қарап 100-ге жуық әскерді байқадым, қарусыз, жас сарбаздар. Олар үшін қорықтым. Сол сәтте бір топ адам келіп сарбаздардың каскасын, қорғаныш құралдарын тартып ала бастады. Ал сарбаздар болса жан-жаққа қашып кетті. Митингке шыққандар қарапайым адамдар емес сияқты болып көрінді. Бейбіт митинг дегеніміз - адамдардың белгілі бір талаппен, идеямен немесе нақты бір мәселені көтеріп шығуы. Балконнан басымды шығарып «Үйлеріңе тараңдар» дедім. Мені байқаған біреуі қорқыта бастады», - деді куәгер.

Куәгер көршілерінің айтуынша, бұзақылар көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесін өртеген.

«Біздің үйдің іргесінде 6 мейрамхана бар. Тұрғындар бағалы заттарымыз бен құжатымызды алып не болып жатқанын білу үшін сыртқа шықтық. Дала қараңғы. Мейрамхана иелері жоқ, оның есігін өзіміз ашуға тырыстық. Бәрімізді үрей басып, сасқалақтап қалдық. Үй өртеніп жатыр. Дереу өрт сөндіру қызметіне хабарластық. Ол келгенше тұрғындар су тасып сөндіруге тырысты. Сол жерде болған кісілер көмектесті. Бір кезде мейрамханының бірінен қолында алкоголі бар біреу шықты. Ол өрт сөндіруге кедергі жасап, «өртене берсін» деді. Мен оның бетінен салып қалдым, кейін ол кетіп қалды», - дейді Камила Айтқалиева.

Бірнеше әрекеттен кейін тұрғындар мейрамхананың есігін ашып, аула тазалаушы Арлан өртті ауыздықтаған.

Тұрғындардың айтуынша, коммуналдық қызмет жұмысшысы үйді қорғау әрекетінің бас-аяғында болып, ол да басын қауіпке тіккен.


Соңғы жаңалықтар