Алматы тұрғындары тік ішектің қатерлі ісігінің алдын алу тексерісінен өтуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы онкологиялық диспансерінде қала тұрғындары тоқ және тік ішектің қатерлі ісігінің алдын алу үшін тексерістен өтуде. Ашық есік күндері наурыздың 1-і мен 15-і аралығында өткізілген қатерлі ісікке қарсы күрес онкүндігі аясында өтіп жатыр.

Қалалық онкологиялық орталығы емханасының меңгерушісі Анархан Нұркерімованың айтуынша, қала тұрғындарының ішінде тік ішек (тоқ ішек) ісігіне шалдыққан жандардың көбеюі бүгінде мамандарды қатты алаңдатып отыр. Зерттеу қортындысына сәйкес, колоректальды ісік (тік ішек пен тоқ ішек ісігі) Қазақстанда соңғы 20 жылда онкоаурулардың ішінде 6-орыннан 3-орынға көтеріліп отыр. Әсіресе, ол ерлер арасында өкпе және асқазан ауруларынан кейінгі орында болса, әйелдер арасында сүт безі және тері обырынан кейінгі орында тұр. Ең қауіптісі, осы ауруға шалдыққан 100 науқастың 70-інің өмірін сақтап қалу мүмкін болмай тұр.

«Басты мәселе науқастардың көбі, тіпті 50 пайыздан астамы ауруын асқындырып алған соң келеді. Әлемнің қай жерінде болмасын, қатерлі ісіктің 4-кезеңін жеңген дәрігер жоқ. Сондықтан, дертті дер кезінде анықтаудың өзі зор жеңіс. 1-2-ші кезеңдерінде науқастардың дертінен айығу мүмкіндігі арта түседі», - деді онкология орталығы емханасының меңгерушісі Анархан Нұркерімова. Қазіргі таңда елімізде Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2014-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, 2011 жылдан бері Қазақстанда тік және тоқ ішек ісігін анықтаудың мемлекеттік скринингтік бағдарламасы енгізілген. Алайда, мамандардың айтуынша, қауіпті дертті анықтауға тек дәрігерлер мен қаралушылар ғана емес, қоғам да белсенді атсалысуы керек. «Шетелде жұмыс берушілер адамды жұмысқа алар кезде оның скринингтік тексерістен өткендігін растайтын құжатты талап етеді. Яғни, скринингтен өту ол жақта жазылмаған заң болып табылады. Бізге де сондай жүйе енгізу керек. Бірінші кезекте адам өзі ауырмауға мүдделі болса және қоғамның жауапкершілігі жоғары болса ғана індетпен толыққанды күресуге болады», - деп қорытындылады Анархан Нұркерімова.

Соңғы жаңалықтар