Алматы тұрғындары арасындағы сауалнама: Партиялар рейтингі анықталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы 2023 жылдың 1 наурызы мен 4 наурызы аралығында 1600 респонденттің арасында телефон арқылы сауалнама жүргізді. Осы орайда социологиялық зерттеу аясында алдағы сайлауға алматылықтардың шамамен 32,8 пайызы қатысатыны айтылды.

Сауалнама кезінде «2023 жылдың 19 наурызында сайлау өтеді. Дауыс беруге барасыз ба?» деген сұрақ қойылды. Бұл ретте, кейінгі 3 жылда тұрғындардың сайлауға тұрақты түрде қатысуы, өз сайлау учаскесі туралы хабардар болуы сияқты факторлар ескерілді.

Сайлауға қатысу жағынан ең төмен көрсеткіш жастар арасында (17,1 пайыз), ал жоғары көрсеткіш аға буын арасында (61 жас және одан жоғары – 49,2%) байқалды.

Аудандар бойынша жағдай келесідей болды: Алатау ауданы – 25,1%, Алмалы – 28,2%, Әуезов – 30,8%, Бостандық – 31,4%, Жетісу – 27,8%, Медеу – 31,4%, Наурызбай – 30,4%, Түрксіб – 28,9%.

Сайлаушылар арасында қай партиялар танымал?

Респонденттерге «егер сіз Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға барсаңыз, қай саяси партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Бұл тұрғыда 41,7%-ы нақты жауап бере алмады, 6,5%-ы жауап беруден бас тартты.

Дауыс беруге дайын екенін мәлімдеп, өз таңдауын жасаған азаматтардың ішінде Amanat партиясы көш бастап тұр – 49%, одан кейін Respublica – 14,5% және ЖСДП – 7,2%. Халық партиясы 4,8%, «Ауыл» 4,2% дауыс жинады. Ең төмен көрсеткіштер «Ақ жол» (2,2%) мен «Байтақ»(1,8%) партияларына тиесілі.

Сауалнама барасында Алматыда респонденттердің 16,3 пайызы «барлығына қарсымын» деген тармақты таңдайытыны белгілі болды.

Amanat-қа дауыс беруге 30-45 жастағы (52,1%) тұрғындар және 61 жастан асқан (56,0%) азаматтар дайын екенін айтқан.

Мәслихаттарға қатысты тоқталсақ, бұл бағыттағы көрсеткіш Мәжіліске байланысты айтылған деректерден айырмашылығы аса көп емес. Бұл ретте партияны таңдауда нақты жауап беруге қиналғандардың үлесі 43,7 пайыз болса, 6,5%-ы жауап беруден бас тартты.

Дауыс беруге дайын екенін білдірген қала тұрғындарының ішінде Amanat партиясы көш бастап тұр – 51,9%, одан кейінгі орында Respublica – 16,2%. Сонымен қатар, Қазақстан халық партиясы- 7,6%, «Ауыл» - 4,9%, «Ақ жол» - 4,2% дауыс жинады. Сауалнамаға қатысқан алматылықтардың 15,2 пайызы барлығына қарсы дауыс беретінін айтқан.

Бұдан бөлек, респонденттерге «жаңа өзгерістерге сәйкес, Парламент Мәжілісінің 29 депутаты бір мандатты округтер бойынша сайланатынын білесіз бе» деген сұрақ қойылды. Осы орайда тұрғындардың жартысынан көбі (50,1%) бір мандатты сайлау округі бойынша дауыс беру туралы білмейтіні анықталды.

Сауалнама аясында Алматыдағы үш сайлау округі бойынша қала тұрғындары қандай таңдау жасайтынын мәлім етті. Осы орайда «егер Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға барсаңыз, өз округіңіз бойынша кандидаттардың қайсысына дауыс берер едіңіз» деген сұрақ арқылы тиісті рейтинг анықталды.

№3 сайлау округі

№3 сайлау округі бойынша 37 кандидаттың (сауалнама өткізу кезінде) кемінде 3 пайыз дауыс жинау мүмкіндігіне тек 6 кандидат қауқарлы болып тұр.

Бірінші орында айтарлықтай басымдықпен Ермұрат Бапи (24,2%) болса, екінші орында Amanat партиясының кандидаты Руслан Нұрлыбаев (11,8%), үшінші орында Ақболе Әбілқасымова (8,4%) тұрақтады. Осыдан кейін орындарда Әйгерім Тілеужанова (4,2%), Инга Иманбаева (3,6%) тұр.

Дауыс беруге баратындарын растаған округ тұрғындарының 37,4 пайызы өз таңдауын әлі жасамағанын алға тартып отыр.

№4 сайлау округі

№ 4 сайлау округіндегі сайлау жағдайына тоқталсақ, мұнда кандидаттар арасындағы бәсеке біршама жоғары: дауыс жинау рейтингі 3 пайыздан астам қолдауға ие болған 7 адам анықтады.

Сауалнама кезінде Ерлан Стамбеков дауыстардың 7,8%-ын жинаған яғни оны көбінесе аға буын өкілдері қолдап отыр. Тұрғындардың 6,6 пайызы Тоғжан Қожалыға дауыс беретіндерін хабарлады. Одан кейінгі орында Amanat партиясынан үміткер Зүлфия Байсақова (6,2%) тұрақтады. Санжар Боқаев 5,8 пайыз және Абзал Достияров 5,6 пайыз дауыс жинады. Сайлаушылардың 5,2 пайызы Серік Әбдірахмановқа өз дауысын беруге дайын.

Сонымен қатар, бұл тізімдегі үздіктердің қатарында 4,4 пайызбен Арайлым Назарова да тіркелді. Округ тұрғындарының жартысына жуығы (47,2%) әлі де өз таңдауына қатысты шешім қабылдамаған.

№5 сайлау округі

№5 сайлау округі бойынша сегіз адам арасында жоғары бәсекелестік байқалып отыр. Сауалнама нәтижесінде Бақытжан Базарбек 8,8% жинап, көш бастап тұрса, одан кейінгі орында Әсет Матаев (8,6%) жайғасты. Ал үшінші орыннан Олжас Сүлеймен (8,4%) көрінді.

4-8 орын аралығында тізімнен Асқар Хикметов (Amanat партиясынан үміткер) (5,2%), Динара Егеубаева (4,4%), Мұхтар Тайжанов (3,4%), Мэлс Елеусізов (3,2%), Айбек Барысов (3,0%) көрінді.

19 наурызда сайлауға барғалы отырған округ тұрғындарының үштен бірінен астамы (36,8 пайызы) өз таңдауын әлі жасамаған.

Сауалнама қорытындысы бойынша үш негізгі тұжырым жасауға болады.

Біріншіден, Алматы тұрғындары арасында партиялар рейтингінде Amanat, Respublica және ЖСДП көш бастап тұр.

Екіншіден, бір мандатты округтерде партия атынан шыққан кандидаттарға жоғары деңгейде қолдау жоқ екенін байқауға болады. Бұл тұрғыда сайлаушылар өзін-өзі ұсынған кандидаттарды қолдап отыр. Осы орайда Алматы тұрғындары қаланың дамуына үлес қосқан үміткерлерге басымдық береді.

Үшіншіден, Алматының үш округінде Парламенттегі мандат үшін саяси күрестің әртүрлі қарқыны көрініп тұр. Ең жоғары бәсеке №5 сайлау округінде басталмақ.

Бұл сауалнаманы биыл 1-4 наурызда Алматыда «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізді. Оған 18 жастан асқан 1600 респондент қатысты. Зерттеу кезінде телефон арқылы сауал қою әдісі қолданылды.

Статистикалық қателік ± 2,5 пайызды құрауы мүмкін. Бұған дейін осы сауалнаманы өткізу туралы бастама ҚР Орталық сайлау комиссиясына хабарланды.

Атап айтқанда, қаңтар айында Мемлекет басшысы Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлауды тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Бұл ретте 2023 жылдың 19 наурызында Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы қаулы жобасын қабылдады.

2022 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет екенін айтқан еді.

Ал 19 қаңтарда Президент Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатысты мәлімдеме жасады.


Соңғы жаңалықтар