Алматы түбінде құлаған Fokker 100-дің экипажы ұшақ қанатын өңдемеген - сарапшы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тексеру департаментінің директоры Болат Наурызәлиев 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы қаласы әуе айлағының аумағында Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 әуе кемесіне қатысты орын алған авиациялық оқиғаны тексерудің қорытындысы бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экипаж ауа райының мәліметтерін алған соң. ұшақтың ішкі-сыртқы жағдайын қарайды. Аман қалған екінші ұшқыш ұшақты өзі қарап шыққанын айтады. Оның сөзімен айтсақ, ұшақ қанатын ұстап көргенде «темірдей құрғақ» болған. «Темірдей құрғақ» деген сөздің қай мағынада қолданғанын білмеймін, бірақ тура осылай айтқан.

Яғни, командир ұшақтың қанатын өңдемеу керек деп шешкен. Таңғы сағат 6.30 кезі болған. Ол кезде күн қараңғы болуы да мүмкін. Олар қанат құрғақ деп есептеген болуы мүмкін», - деді Болат Наурызәлиев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігінде өткен брифингіде.

Маманның айтуынша, халықаралық тәжірибеде №96-40 деген құжат бар. Ұшақ көкке көтерілер алдында оны толық кім өңдеу керектігі сол құжатта регламенттелген.

«Бірақ бізде ондай норматив жоқ», - деді Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тексеру департаментінің директоры.

Сарапшы қазіргі таңда жеке меншік әуе компаниялары экипаж мүшелерін ұшақты жолға шығар кезде өңдеу бойынша бірқатар шектеулер қоятынын да атап өтті.

«Кейбір жеке әуе компаниялары бұл тұрғыда экпиажға қатты шектеулер қоятын жағдайлар бар. Өйткені бұл шара арзан емес. Бір ұшақты толық өңдеуге 15 мың еуроға дейін шығын кетуі мүмкін», - деді маман.

Брифинг барысында Болат Наурызәлиев тексеру қорытындысы шығарылғанымен, нақты кімнің кінәлі екенін айту авицияға жауапты органдардың құзыретіне кірмейтінін ескертті.

«Біздің беретін қорытындымыз бен ұсынымдар бойынша Азаматтық авиацияның «Авиация әкімшілігі» мекемесі шешім қабылдайды. Бұл ұсынымдар Алматы түбіндегі ұшақ апаты сияқты оқиғалардың қайталанбауы үшін беріледі. Олардың тарапынан ескертулер бар. Үш жылдан бері ол ескертулердегі кемшіліктер жойылған жоқ. Ішкі істер министрлі,і Көлік прокуратурасы, Авиация әкімшілігі, авиациялық ұйымдар осы мәселені қарайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар