Алматы трамвайлары түгел сатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Алматыэлектротранс» баллансында қалған вагондар жақында бәссаудада сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәл осы 1002, 1010 және 1014 нөмірлі, техникалық тұрғыдан ескірген вагондар 2015 жылы жол апатына себеп болған еді. Жол оқиғасынан соң қала билігі трамвай қозғалысын тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын.

Электронды сауда алаңында көрсетілген мәліметке сәйкес, 1983-1985 жылдары шыққан KT4Dt маркілі вагондар бөлшектеліп, металл ретінде бәссаудада сатылды.

Лоттың бастапқы бағасы 1 751 000 теңге болса, сауданың соңына таман ең жоғарғы баға ұсынған заңды тұлғаға 2 330 581 теңгеге сатылды.

Кепілдік сомасы 262 мың теңге болды.

Айта кету керек, 19-қаңтарда 1983-1985 жылғы пайдалануға әлі де жарамды KT4Dt маркілі 13 вагон сатылған болатын. Көліктердің бастапқы бағасы 118 508 599 теңгеге бағаланды.

Қазір аталған вагондар ақшыл көк түске боялып, Өскеменге жіберілгелі жатыр.

Айта кету керек, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Өскемен трамвай паркін» сатып алған болатын.

Кешен «Банк Центр Кредит» АҚ алдындағы борышы көп болғандықтан 20-наурызда 444 млн теңгеге сатылған болатын.

«Ертіс» ӘКК біраз инвестиция салып, Өскемендегі трамвай қозғалысына қайта жан бітірмек.

Сонымен қатар, мұның алдында хабарлағанымыздай, 2017 жылы алынған трамвай рельстері де аукционда сатылды.

«Алматыэлектротранс» басшысы Ризван Цинаевтың хабарлағанындай, ескі рельстер «Казферросталь» ЖШС 8 214 573 теңгеге өткізілді, «Металлокомплект» ЖШС қара металға 115 676 418 теңгеге өткізілді.

Қазіргі таңда Алматыда Мақатаев, Байтұрсынов, Жароков көшелерінде трамвай рельстері алынып жатыр.

Соңғы жаңалықтар