Алматы трагедиясы: ТЖ алғашқы күндері Алматының медициналық ұйымдары қалай жұмыс істеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы төтенше жағдайдың алғашқы күндерінде жедел жәрдем қызметінің жұмысын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаппай тәртіпсіздіктер болған күндердегі видеолардан қираған қаланы, №7 қалалық клиникалық аурухананың шағылған терезелері мен сынған есіктерін, жедел жәрдем көлігіне жасалған шабуылды, сондай-ақ жараланған адамдарды көруге болады.
№7 қалалық клиникалық аурухана қызметкерлерінің бірі 5 қаңтар күні кешкі уақыттан бастап 8 қаңтар түскі дейін жағдайдың қиын болғанын айтты. Агрессивті топ аурухана аумағына басып кіріп, есік пен терезелерді сындырып, оқ жаудырған.
«Науқастар жатқан жансақтау бөліміне қарай оқ атылды. Біздің қызметкерлерге де қауіп төнді. Біз бүлікшілер емделушілер мен қызметкерлерді кепілге алма ма деп қорықтық», - дейді аурухана қызметкері.
Алматы қалалық Жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин 4 қаңтар күні кешкі уақытта қызмет экстремалды режимде жұмыс істей бастағанын айтты.
«Қызметкерлер қатты қорықты. Соның кесірінен бүгінде олардың көбі жұмысқа шықпай отыр. Басым бөлігі бақылау-өткізу бекеттерінен өте алмайды. Бірақ жедел жәрдем қызметі өз қызметін атқарып жатыр. Бүгінде 187 бригаданың шығуын қамтамасыз етіп отырмыз. Сондай-ақ, жедел бөлім де штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Шақыртуларды қабылдайтын қыздарға қосымша жүктеме жүктелді. Олар қоңырау шалушының дауысына, интонациясына ерекше назар аударулары керек. Яғни, сөйлеген сөзі мен дауысы арқылы оның қаншалықты қауіпті адам екенін анықтаймыз», - деді ол.

Айта кетейік, Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 32 жедел жәрдем көлігі бүлінді.


Соңғы жаңалықтар