Almaty Тowers-тегі өрт: Прокурор Батут орталығының директорын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда  №2 Бостандық аудандық сотында  қайта тергеуге берілген Almaty Тowers ғимаратындағы өртке байланысты  істе тараптар жарыссөзге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Прокурор Батут орталығының директоры Дәурен Тұяқов пен дәнекерлеуші Александр Жук үшін қандай жаза тағайындауды талап ететінін жеткізді.

«Сотталушы Дәурен Тұяқов пен Александр Жук ҚР ҚК 292- бабының 3-бөлімі бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамады деген айып тағылған болатын. Сот тергеуі барысында екеуінің де кінәсі дәлелденді. Тұяқов Батут орталығының директоры ретінде ғимаратты жалға алу туралы келісімге қол қойған. Келісімде барлық өрт қауіпсіздігі талаптары туралы жазылған. Тұяқов әрекетсіздік танытып, жұмысшыларымен инструктаж жүргізбеген. Өрт қауіпсіздігі шаралары қолданылмаған. Соның салдарынан 6 адам ажал құшты. Дәнекерлеуші Александр Жук дәнекерлеу кезінде жұмыс орнын тазаламаған. Екеуінің де жазасын жеңілдететін жайттарды ескере келе Дәурен Тұяқовты 5 жылға бас бостандығынан, Александр Жукты да 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Айта кету керек, қайғылы жағдай 2016 жылдың 6 қарашасында болған еді. Almaty Towers ғимаратында тұтанған өрт 6 адамның өмірін жалмады. Оның ішінде дәнекерлеуші Назир Ниязов пен 5 студент ыстан уланып өлді. Кейінірек тірі қалғандардың бірі сотта сыртқа шығатын есіктің жабық тұрғанын айтып еді. Осыған байланысты «Jump» батут орталығының директоры Дәурен Тұяқов ұсталды. Оған ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлімі бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамады деген айып тағылған еді. Бірнеше айға созылған сот талқылауынан соң судья істі қайта тергеуге жіберген болатын. Қайта тергеу жұмыстарынан соң куәгерлердің бірі - оқиға орнынан аман шыққан дәнекерлеуші Александр Жук Тұяқовпен бірге сотталушыға айналды. 
Алдыңғы сотта сотталушы Александр Жук түсініктеме берді. Almaty Тowers ғимаратындағы батут орталығында дәнекерлеу жұмыстары үшін уақытша жалданған жұмысшы сол күні не болғанын айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар