Almaty Тowers-тегі өрт: Қорғаушы Тұяқовты айыптау бабын өзгертуді сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қорғаушы Джохар Өтебеков Батут орталығының директоры Дәурен Тұяқовты айыптау бабын өзгертуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сотталушы Дәурен Тұяқовқа ҚР ҚК 292-бабының 2-бөлімі бойынша тағылған айып бойынша қылмыстық құрам жоқ.

«Батут орталығында жас балалар 1 реттік қана қызмет көрсетумен айналысқан. Уақытша жұмыс болғандықтан, олармен еңбек қатынасы болмаған. Ешқандай келісімшарт жасалмаған. Сол балалардың бәріне инструктаж жасауға Тұяқов міндетті болмаған. Бұл ақылға сыймайды. Сонымен қатар тергеу барысында Тұяқов апаттық есікті кілттеп қойды деген айыпқа да ешқандай дәлел табылған жоқ. Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы басында бізге 5 адамның өлімін жапқан. Енді қазір 6 адамның өлімі бізге таңылып отыр. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі туралы ереже көбінесе құрылыс монтаж жұмыстарына байланысты айтылады. Ал, Батут орталығындағы дәнекерлеу жұмыстары құрылыс жұмыстарына жатпайды. Сондықтан бұл айыптау негізсіз. Менің ойымша, бұл ең алдымен аталған ғимараттың иелері, құрылысшылар, өртке қарсы қызметтің жұмысының әлсіздігін көрсетеді», - деді Джохар Өтебеков.

Өз кезегінде Дәурен Тұяқовтың қорғаушысы Джохар Өтебеков заң алдында адам өлімі үшін басқа да тұлғалар жауап беруі тиіс болғанын айтты.

Оның айтуынша, қалалық ТЖД Almaty Тowers ғимаратына 7 жылда бірде бір рет тексеру жасамаған.

«Тұяқов ҚР ҚК 292-бабы бойынша қылмыс жасамады. Оның әрекетін ҚР ҚК 104 бабына (абайсызда адам өлтіріп алу) ауыстырған жөн. 1 жылдан бері Тұяқов балаларын, отбасын көрген жоқ. Сонымен қатар, ол барлық жапа шеккен адамдардың отбасыларына материалдық шығындарын шамасы келгенше жапты. Кешірім сұрады», - деді Д.Өтебеков.

Аталған іс бойынша Александр Жуктың да қорғаушылары сот тергеуін жасауға мүмкіндік бергені үшін сотқа алғыс білдірді.

Өз кезегінде Гүлжан Жуасбаева қайғылы жағдай үшін ғимарат қожайындары да жауап беруі тиіс деп санайды.

«Ғимаратта түтін шығатын құбыр болмаған. Арнайы құбырлардан су ақпаған. Дабыл, радио сигнал болмаған. Көптеген куәлардың айтуынша, өрт сөндірушілер апатты есікті ашпаған. Ең алдымен олар ғимаратты барлап шығуы тиіс болған. Олардың салғырттығы мен тәжірибесіздігінің кесірінен адамдар сол жерде таңға дейін жатып, көз жұмды. Қарапайым, сауатсыз, 19 жасында әріп таныған дәнекерлеуші Александр Жукты тергеушілер айыпты мойныңа алсаң, рақымшылыққа ұшырайсың деп алдап жіберген. Сондықтан, менің қорғауымдағы Александр Жукты босатуыңызды сұраймын», - деді Г.Жуасбаева.

Аталған іс бойынша соңғы сөз 12 наурызға түскі 14:00-ге белгіленді.

Айта кету керек, қайғылы жағдай 2016 жылдың 6 қарашасында болған еді. Almaty Towers ғимаратында тұтанған өрт 6 адамның өмірін жалмады. Оның ішінде дәнекерлеуші Назир Ниязов пен 5 студент ыстан уланып өлді. Кейінірек тірі қалғандардың бірі сотта сыртқа шығатын есіктің жабық тұрғанын айтып еді. Осыған байланысты «Jump» батут орталығының директоры Дәурен Тұяқов ұсталды. Оған ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлімі бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамады деген айып тағылған еді. Бірнеше айға созылған сот талқылауынан соң судья істі қайта тергеуге жіберген болатын. Қайта тергеу жұмыстарынан соң куәгерлердің бірі - оқиға орнынан аман шыққан дәнекерлеуші Александр Жук Тұяқовпен бірге сотталушыға айналды.

Алдыңғы сотта сотталушы Александр Жук түсініктеме берді. Almaty Тowers ғимаратындағы батут орталығында дәнекерлеу жұмыстары үшін уақытша жалданған жұмысшы сол күні не болғанын айтып берген болатын.

Соңғы жаңалықтар