Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 7 °С
Алматы: 5 °С
USD 326.00 EUR 382.20
RUB 5.29 CNY 51.05
Жаңалықтар

Almaty Тowers-тегі өрт: Аман қалған дәнекерлеуші оқиғаның қалай болғанын айтты

2018 жылғы 15 ақпан 19:29 1239
Бөлісіңіз:
Almaty Тowers-тегі өрт: Аман қалған дәнекерлеуші оқиғаның қалай болғанын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда  №2 Бостандық аудандық сотында  қайта тергеуге берілген Almaty Тowers ғимаратындағы өртке байланысты  іс бойынша сот жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан бірнеше ай бұрын судья Роман Селицкий өртке кінәлі тұлғалардың анықталмауына байланысты сотқа қайта жіберілген болатын.

Бүгін сотталушы Александр Жук түсініктеме берді.

Almaty Тowers ғимаратындағы батут орталығында дәнекерлеу жұмыстары үшін уақытша жалданған жұмысшы сол күні не болғанын айтып берді.

«Жексенбі күні жұмысқа келдім. Ниязов Назир батуттың бұрыштарын дәнекерлеу керек деді. 4*2 көлемді кішкентай құбырды дәнекерлеп болған соң артыма қарасам баттутағы паралон жанып жатыр. Өрт деп айғайладым да, тимеген паралондарды аяғыммен тебе бастадым. Сол кезде қабырғада жиналып тұрған басқа да паралондар шашылып, жалын лап етті. Оқиға орнында болған Ниязов деген дәнекерлеуші өрт сөндіру баллонын жұлқылап қоса алмай қойды. Содан амалымыз таусылған соң шықтық. Бәріне ғимараттан шығыңдар деп айқайладық. Сөйтіп, ортадағы терезе арқылы бірімізден соң біріміз секіріп түстік. Ниязов Назир сол кезде тұншыға бастады. Ол астматик еді. Әупірімдеп далаға шыққанда, Ниязов талып жатты. Тез дәрігер шақырттық. Бізбен бірге тағы 2 студент жүгіріп шыққан еді», - деді Александр Жук.

Өз кезегінде Александр Жук өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

«Мен ҚР ҚК 292-бабы бойынша тағылған айыппен келіспеймін. Себебі, маған тергеушілер тобының жетекшісі Салтанат Хишанло өрт себебі дәнекерлеу жұмысынан болды деп мойындасаңыз, жақында болатын амнистияға ілініп шығып кетесіз деген ұсыныс берді. Мен ойланып-ойланып келістім. Ойланып қарасам, ол жерде өрт тұтануы мүмкін бірнеше фактор бар екен. Біреу темекі шегуі мүмкін немесе тоқ қуатын тасымалдайтын розеткалардан да тұтануы ықтимал. Оның үстіне өрт ошағы мен жұмыс істеген жерден 2,5-3 метр қашықта болған. Мен барлық хаттаманы оқымай қол қоя бердім. Тергеушілердің адамгершілігіне сендім. Кейін айыптау актісін оқыған кезде барлық өлгендердің өліміне мен кінәлі болып шыққанымды оқып, шошындым», - деді Александр Жук.

Сонымен қатар, тергеушілер 22 қарашада Александрға қорғаушыдан бас тартуға ұсыныс білдірген.

«Адвокаттан бас тартыңыз, сіз  сотқа керек адам емессіз деді», - деді ол.

Сотталушы Жук студенттер шығатын жолды білмеген соң тұншығып өлді деп санайды.

«Студенттерде өрттен құтылуға уақыт көп болды. Не үшін олар біздің артымыздан ермеді? Әлі күнге жұмбақ. Мен шынымды айтсам, балалардың бәрі шығып кетті деген сенімде болдым. Кейін естігендей, олар жабық есікке барып тіреліп, сол жерде ыстан уланып өлген екен», - деді А.Жук.

Дәнекерлеуші жігіт өзіне жұмысқа кіріспес бұрын ешкім өрте қарсы инструктаж жүргізбегенін айтты.

Айта кету керек, қайғылы жағдай 2016 жылдың 6 қарашасында болған еді. Almaty Towers ғимаратында тұтанған өрт 6 адамның өмірін жалмады. Оның ішінде дәнекерлеуші Назир Ниязов пен 5 студент ыстан уланып өлді.

Кейінірек тірі қалғандардың бірі сотта сыртқа шығатын есіктің жабық тұрғанын айтып еді.

Осыған байланысты "Jump" батут орталығының директоры Дәурен Тұяқов ұсталды.

Оған ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлімі бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамады деген айып тағылған еді.

Бірнеше айға созылған сот талқылауынан соң судья істі қайта тергеуге жіберген болатын.

Қайта тергеу жұмыстарынан соң куәгерлердің бірі - оқиға орнынан аман шыққан дәнекерлеуші Александр Жук Тұяқовпен бірге сотталушыға айналды.

 

 


Басты сөздер: Алматы, Оқиға,
Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат