«Almaty Тowers»-те 6 адамның өмірін жалмаған өрт: Сот үкімі шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Бостандық аудандық сотында Батут орталығының экс-директоры Дәурен Тұяқов пен дəнекерлеуші Александр Жукке қатысты  сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

№2 Бостандық аудандық сотының судьясы Дəурен Тұяқовты ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша (Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау) айыпты деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ Александр Жук аталмыш бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.

Алдыңғы сот отырысында айыпталушылар қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтқан еді. Дәурен Тұяқов соңғы сөзінде кәмелеттік жасқа толмаған балалары барын айтып, бас бостандығынан айырмауды өтінген болатын.

Бұған дейін Тұяқовтың  қорғаушысы Джохар Өтебеков оның әрекетін ҚР ҚК-нің 104-бабына (Абайсызда адам өлтіру) ауыстыруды сұраған болатын.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 2016 жылдың 6 қарашасында болды. Almaty Towers ғимаратында тұтанған өрт 6 адамның өмірін жалмады. Оның ішінде дәнекерлеуші Назир Ниязов пен 5 студент ыстан уланып өлді. Кейін, сотта өрттен аман қалғандардың бірі сыртқы есіктің жабық болғанын айтты.  Осыған байланысты «Jump» батут орталығының директоры Дәурен Тұяқов ұсталды. Оған ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамады деген айып тағылған еді. Бірнеше айға созылған сот талқылауынан соң судья істі қайта тергеуге жіберген болатын. Қайта тергеу жұмыстарынан соң куәгерлердің бірі - оқиға орнынан аман шыққан дәнекерлеуші Александр Жук Тұяқовпен бірге айыпталушыға айналды.

Соңғы жаңалықтар