Алматы тергеу изоляторында адамдарды азаптайтын жертөле расымен бар ма

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінің тергеу изоляторында ұсталғандарды азаптайтын жертөле бар». Интернетте тараған осы ақпараттың шынайылығын тексеру үшін бүгін аталған мекемеге арнайы тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар оқиғасынан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінің тергеу изоляторында қамалғандарды азаптауға арналған жертөле жасақталғаны туралы ақпарат жариялана бастады. Осыған орай, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясы мен Алматы қаласы прокуратурасының өкілдері аталған мекеменің тергеу изоляторына келіп, тексеріс жүргізді.

Алматы қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментінен хабарлағандай, Алматы қаласындағы тергеу изоляторы 1360 адамға арналған. Алайда, қаңтар айында тергеу барысына қамалғандардың саны 1400-ден асып кетті. Қаңтарда қалыптасқан ерекше жағдайларға байланысты 200 орындық уақытша оқшаулау блогы ашылды.

«Тергеу изоляторының, режимдік корпустардың және жертөле үй-жайларының аумағын аралау жүзеге асырылды. ҚАЖ мекемесінің аумағында екі қабатты әкімшілік ғимарат және 4-5 қабатты 6 режимдік корпус орналасқан. Аталған режимдік корпустарда коммуникациялық жүйелер мен жылыту тораптарына арналған жартылай жертөле үй-жайлары бар. Бұл үй-жайларға кіру корпустардың сыртқы жағынан жүзеге асырылады. Мекемеге түсушілерді қабылдау режимдік корпустың бірінші қабатында жүргізіледі», - деді ҚАЖ департаментінен.

Корпустарды аралау қорытындысы бойынша арнайы жабдықталған камералар мен үй-жайлар анықталған жоқ.

«Айта кетейік, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген», - деп ескерту жасады Алматы қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментінде.

Еске салайық, Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінің тергеу изоляторында азаптауға арналған жертөле жоқтығын ҚР Ішкі істер министрлігі де мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар