+7 (701) 759 90 19
USD 419.54 EUR 509.2
RUB 5.72 CNY 64.81
Jańalyqtar

Алматы театрында «Абайдың жұмбағы» сахналанды

2021 жылғы 14 қаңтар 10:02
Бөлісіңіз:
Алматы театрында «Абайдың жұмбағы» сахналанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылықтар Абай жұмбағының шешімін тағы шешуге тырысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық театрында «Абайдың жұмбағы» спектаклі кезекті рет сахналанды. Қазақ руханиятының паспорты атанған Абай тұлғасын зерттеу сірә ешқашан аяқталмас.

Бұл қойылымда да ұлы ақын қоғам дертінің дауасын іздеп шарқ ұрады. Сансыз сауалдарға жауап іздеп, шындық пен ақиқатқа жетудің шерлі жолында жүреді.

Мыңмен жалғыз алысқан Абай бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Құлагер» сыйлығының иегері, актер Болат Әбділманов осы жолы сол биігінен төмендеткен жоқ. Абайдың өз қарасөздері мен өлеңдері бойынша жазылған композициялық қойылымның сахналық нұсқасын белгілі жазушы-драматург Мадина Омарова жасады. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші – Мұрат Сапаров.

Ұтымды режиссуралық шешім, шебер актерлік құрам Абайдың онсыз да биік тұлғасын асқақтата түсті.

Бірнеше сағатқа созылған спектакльде ұлы хакімнің ғұмыры, тұлғалық қалыптасуы тізбектеліп көрсетілді.

Бала Абайдың көңілінде ерте бастан туындаған риторикалық сауалдар көрерменнің көңілін толқытады. Жас Абайдың көкірегіндегі у мен дерт, запыран, тұңғиық ой трагедиялық монологпен беріледі.

Спектакльдің декорациясында минималды стиль айқын. Бірақ, бұл қойылымның мазмұнын керісінше аша түскен. Әсіресе дөңгелек үлкен айна «қоғамның айнасы» тәріздес оның кемшілігі мен олқылығын көрсетіп тұр.

Айнаның шындығынан, ақиқатынан қашу мүмкін емес.

Сахнадағы әр қимыл қозғалыс, әр монолог пен диалог адамдарға «енді өз көкейіңдегі айнаңа үңіл, соған қарап түзел» деген ой тастап тұрған сияқты болады.

Жас Абайдың рөлінде Н.Қуанышбайұлы көрінсе, Құнанбайдың образында белгілі актер С.Мерекеұлы, Зере мен Ұлжан бейнесінде Г.Тұтова мен Ш.Асқарова, Тоғжан рөлінде Д.Үсенова ойнайды, жас актер Ж.Қонысбай Әбдірахманның, ал Оспанның келбетін Е.Тұрысов кейіптейді.

Айта кету керек, театрға келушілердің саны 100 адамнан асқан жоқ. Эпидемиологиялық қауіпсіздік мақсатында барлық санитарлық талап, 1,5 метрлік қашықтық қатаң сақталды.

Естеріңізге салайық, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ашылғанына 95 жыл толуына орай мәдениет ордасына «ұлттық театр» дәрежесі берілді.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT