Алматы тауында жоғалған турист қызды іздеу жұмыстары нәтиже бермеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тауда жоғалған турист Әсел Панарғалиеваны іздестіру жұмыстары тағы тоқтатылды. ҚазАқпарат бұл туралы Республикалық жедел-құтқару жасағына сілтеме жасап хабарлайды.

«Бүгін, таңертеңгі сағат 8-ден бастап қараңғы түскенге дейін тауда іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Өкінішке қарай, олар нәтиже бермеді. Іздестіру тоқтатылды», - деп мәлім етті ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметінен.

Ведомство ақпаратына сәйкес, тауда іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілетін уақыт 3 күнді құрайды. Одан әрі, егер қосымша мән-жағдайлар анықталып жатса және туыстар тарапынан өтініш түссе, құтқарушылар жұмыстарды қайта жандандыра алады.

Еске салайық, бойжеткеннің жоғалғаны туралы 10 қараша күні белгілі болды. Ол тау туризмімен айналысып жүрген. 9 қараша сағат 13:00 шамасында ол Үлкен Алматы (Жосалы) көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге жариялаған. Одан кейін байланысқа шықпаған.

Бұған дейін жүргізілген іздестіру жұмыстары қыздың туыстарының өтініші бойынша тоқтатылған болатын. Бірақ кейін Ә.Панарғалиеваның жақындары іздестіруді жалғастыруды қайта сұрады.

Соңғы жаңалықтар