Алматы тауында қар көшкіні Шымбұлақ-Тұйықсу жолын жауып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Алматы тауында қар көшкіні Шымбұлақ-Тұйықсу жолын жауып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің хабарлауынша, төтенше жағдай Кіші Алматы өзен алабындағы № 17 «Эдельвейс» қар көшкіні жинағышында болған.

Көлемі 500 текше метр болатын қар массасы «Шымбұлақ - Тұйықсу» автожолын жауып қалған. Төтенше жағдайдан зардап шеккендер жоқ.

Апат салдарын жоюға 1 КаМАЗ, 1 фронталды тиегіш, 6 адам жұмылдырылды.

Айта кету керек, 30 желтоқсаннан бері «Шымбұлақ» БК бақылаушылары тауда 5 рет қар көшкенін бақылаған.

Көшкіндердің ешқайсысы өзенге жеткен жоқ. Көшкіннің жалпы көлемі 2800 текше метрді құраған. Зардап шеккендер жоқ.

30 желтоқсанда Алматы қаласының ТЖД және «Қазселденқорғау» ММ мамандары  Кіші және Үлкен Алматы өзендері алабында  биік таулы мұздық көлдерге және мұздықтарға, қар көшкіні қаупі бар жерлерге, селдік және қар көшкіні қаупі бар аймақтарды тексеру үшін аэрошолу жүргізілген болатын.

  Мамандардың айтуынша, барлық мұз көлдер қысқы режімде және қар жамылғысының астында жатыр. Метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты,  тау беткейлерінде қар қорының аз болуынан жеке аймақтарда қар көшкінінің болуы мүмкін. Сондай-ақ, жабайы аңдардың, шаңғышылардың, экстремалды спорт түрлерімен айналысатын сноубордистердің қар қалың жиналған жерлерде жүруі салдарынан қар көшкіндері жүруі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар