Алматы тауларындағы құрылыс: Сенатор жер беруге мораторий жариялауды сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Андрей Лукин Алматының таулы жерлеріндегі заңсыз құрылыс пен алма бақтарының жойылуына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғам белсенділері, экологтар, сейсмолог мамандар, заңгерлер және қала тұрғындары күрделі мәселеге назар аударуды талап етіп отыр. Қоршаған ортаға залал келтіріліп жатыр. Осының салдары тұрғындардың өміріне елеулі қауіп төндіреді», - деді Андрей Лукин Премьер-Министр мен Бас прокурордың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, кейінгі онжылдықта тау және тау етегінің бөлігінде қарқынды құрылыс жүріп жатыр.

«Жеке құрылыс компаниялары кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялануын жамылып, жер телімдерінің нысаналы мақсатын шаруа қожалығы немесе бау-бақша шаруашылығынан жеке тұрғын үй құрылысына ауыстырып, кейін тау етегіне жақын жерлерде көпқабатты тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл аумақтардағы құрылыстар техногендік сипаттағы жер қабатының көшкініне әкелуі мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеді. Өйткені мұндай аумақтар күрделі құрылысқа жарамайды», - деді сенатор.

Осы орайда ол аталған жерлерді рәсімдеуге қатысты түрлі жарнамалар да жарияланып жатқанын айтты.

Андрей Лукин Үкіметке Алматы қаласының таулы және Алматы облысының Алматыға жақын аудандарының жерлеріне егжей-тегжейлі түгендеу жүргізуді ұсынды.

Оның пайымынша, қолданыстағы заңнамаға аталған жерлерде жеке құрылыс салуға толық тыйым салуды ескеретін өзгерістер енгізу керек. Бұдан бөлек, тиісті нормативтік-құқықтық актіні қабылдағанға дейін жер телімін бөлуге мораторий жариялау қажет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр Алматыда Медеу ауданының тұрғындары қала әкімімен кездесу барысында тау баурайында үй құрылысы қарқынды жүріп, алма бақтары кесіліп жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар