Алматы тауларында туристердің қауіпсіздігі үшін 15 құтқару лашығы орнатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тауларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету кешенді іс-шаралары аясында құтқару лашықтары орнатылып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Тікелей эфирде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, Бақытжан Сағынтаев модульді құтқару лашықтары тауларға тікұшақтардың көмегімен жеткізілетінін хабарлады.

«Тікұшақтар модульді құтқару лашықтарын таудағы орнату орындарына жеткізеді. Себебі, таулы жерлерде көлікпен жүру өте қиын, сондықтан тікұшақтар пайдаланылады», - деп жауап берді Б. Сағынтаев.

Қала әкімі айтқандай, құтқару модульдері қиын жағдайға тап болған, ауа райының қолайсыздығы үшін тауда қалған туристер арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында орнатылған.

Бүгінде 15 құтқару лашығы 7 нүктеде - «Жоғарғы Горельник», «Тұйықсу» мұздығының соңғы моренасы, «Лунная поляна», «Проходное» шатқалы, «Үлкен Алматы» шатқалы, «Қызылсай шатқалы» және «Сол жақтағы Талғар» жерлерінде орнатылды.

Қараша айының соңына дейін тағы 8 лашық орнату жоспарланып отыр.

Әр лашық құтқарушылар пультіне сигнал беру үшін «SOS» батырмасымен жабдықталған.

Сондай-ақ, лашықтың іші жылытылады әрі мұнда алғашқы медициналық көмек пакеті, ұялы телефонды зарядтау, жылы көрпе және бұзылмайтын өнімдер жиынтығы бар.

Айта кетерлігі, туристердің тау лашықтарын пайдаланған жағдайлары болды.

Кейбіреулер бағыттың уақытын немесе өз күшін есептей алмаса немесе ауа райы бұзылса сол жерде қалып, түнейді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Шымбұлақ пен Медеуде визит-орталықтар жұмыс істеуде.

Осындай орталықтар Аюсай шатқалында және Горельник жылу көзінің жанында ашылған. Мұнда таулардағы қауіпсіз тәртіп бойынша нұсқаулық өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ, туристердің қауіпсіздігі үшін ұялы байланыспен қамту аймағы кеңейтілуде.

Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті, Тұйық су шатқалында тікұшақ алаңы салынуда, құтқару жасақтарына дабыл беру түймелері бар 10 радиорелелік діңгек орнатылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар