Алматы тауларында қыс басталғалы 35 мәрте қар көшкіні жүрген

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда халық пен нысандарды қорғау мақсатында 7 мәрте қар түсірілді. Сондай-ақ, қар көшкінінің қауіпті кезеңі басталғалы бері таудан 35 мәрте қар түскен (39100 текше метр). Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазселденқорғау» ММ Алматы филиалының өкілі Самат Дәуленканов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің мәліметінше, профилактикалық түсірілген қардың жалпы ауданы 2460 текше метрді құрады.

«Бүгін таңғы сағат 07.00-дегі жағдай бойынша Кіші Алматы өзені алабында қар жамылғысының биіктігі: Медеу бөгеті ауданында - 36 см, Мыңжылқы - 50 см, Қотырбұлақ өзені алабында 69-120 см. Үлкен Алматы өзені алабы бойынша қар жамылғысының биіктігі 9-дан 78 см-ге дейін. Ақсай және Қарғалы өзені алабында қар жамылғысының биіктігі – 4 см, Ақсай-Ақжар бақылау бекетінде - 6 см», - деді Самат Дәуленканов.

Ол метеорологиялық, қар көшкіні жағдайы өзгерген жағдайда және қар түрінде қатты жауын-шашын кезінде қар көшкіні жүруі мүмкін екенін айтты.

«Қар көшкінінің алдын алу үшін орталық аппараттың ұсынысымен блокпостар қойылып жатыр. «Медеу-Шымбұлақ» және «Алматы-ҮАК» автожолдарына, басқа да қауіпті аймақтардағы жолдар қар көшкіні қаупі жағдайында жабылып, блокпост қойылуда. «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану-техникалық басқармасында 32 адам, 21 арнайы техника дайын тұр», - деді спикер.

Сондай-ақ оның міліметінше, қазіргі уақытта қызмет көрсету аймағы бойынша топырақтың қатуы: Үлкен Алматы өзені алабында – 10 см, Кіші Алматы өзені алабында – 28 см, Ақсай өзені алабында – 20 см, Қарғалы өзені алабында – 18 см.


Соңғы жаңалықтар