Алматы тауларында қар көшкіні жолды жауып қалды

Фото: Ашық көздерден алынған фото
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Шымбұлақ аумағында қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін түскі сағат 12:15 шамасында Алматы тауларында қар көшкіні жүріп, Медеу- Шымбұлақ жолын жауып қалған.

«Түскен қар массасы – 300 текше метр. Қаза болғандар, зардап шеккендер жоқ. Қазір жолды қардан тазалау жұмыстары жүріп жатыр»,- деп хабарлады ведомстводан.

Бұған дейін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидрометтің» ескертуі негізінде 5-7 наурыз аралығында Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде қар көшкіні жүруі мүмкін екенін хабарлаған болатын.

Құтқарушылар тұрғындарды қар көшкінін тудырмау үшін тау беткейлеріне шықпауға, сондай-ақ жеке қауіпсіздік шараларын сақтап, тауда жаяу серуендеуден бас тартуға шақырады.


Соңғы жаңалықтар