Алматы тауларында екі бойжеткен адасып кетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тауларының Фурманов шыңы маңайында екі бойжеткен адасып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2 сәуірде 13:55-те Алматы қаласы Құтқару қызметіне 1992 және 2002 жылғы екі бойжеткеннің тауда адасып кетіп, қайтар жолды таппай қалғаны туралы хабар түсті», - деп хабарлады Алматы құтқару қызметінен.

Бойжеткендер таңертең тауға серуендеуге шығып, Фурманов шыңы маңайындағы Кімасар аңғарына кетіп қалған. Күндіз ауа райы бір мезетте өзгеріп, олар қайтпақшы болған. Алайда, қалың тұманнан қайтар жолды таппай қалған.

«Құтқарушылар экипажы оларды іздеуге барды. Жоғалып кеткен бойжеткендер табылды. Құтқарушылар оларға жылы киімдер беріп, Құтқару қызметінің бөліміне алып келген. Ол жерде қыздарды туыстары күтіп алды. Іздеу-құтқару операциясына 1 техника, 5 құтқарушы, 1 жүргізуші тартылды», - деп атап өтті ведомстводан.

Еске салайық, Алматы тауларында қар көшкіні қаупі жоғары болып тұр. Бұдан бұрын Іле Алатауының баурайында ресейлік екі сноубордист адасып кеткен еді. Қуанышқа орай, олар дін аман табылды.

Автор: Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар