Алматы тауларында 7 адам құтқарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үлкен Алматы шыңында Республикалық жедел құтқару жасағының сарбаздары 7 адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«31 тамыз күні Республикалық жедел құтқару жасағының жедел қызметіне түнгі сағат 02-00-лер шамасында жас жігіт телефон шалып, достарының Үлкен Алматы шыңында жүргенін және олардың байланысқа шықпай жатқанан айтып, хабар берген. Аталмыш азамат достарын іздеуге өзі шыққалы жатқанын да айтқан. Құтқарушылар жас жігітке таң атқанша күте тұрып, таң атқан соң өздерімен бірге жолға шығуға кеңес берді. Басқаша болмайтын да еді, өйткені сол күні түнде қою тұман түскен болатын және ол жағдайды одан бетер ушықтырып жіберуі мүмкін еді»,-делінген баспасөз хабарламасында.

Таңғы сағат 5:20-лар шамасында құтқару жасағының өкілдері жоғалған адамдар болуы ықтимал Проходное шатқалына келеді. Онда телефон шалған жігітпен жолығып, жоғалғандарды іздестіру үшін Космостанция бағытына қарай жолға шығады. Сағат 11-00-дер кезінде іздеу жұмыстарына тағы қосымша топты жұмылдару жөнінде шешім қабылданады. Олар Аю-сай шатқалына қарай жол тартады.

Оқиға орнына жеткен екінші топ та іздеу жұмыстарына кіріседі. Шамамен екі сағаттан соң екінші іздеуші топ жоғалғандарды Аю-сай шатқалындағы сарқыраманың маңынан табады. Бұл кезде туристердің денсаулық жағдайлары орташа болатын. Оқиға орнына бірінші топ мүшелері де келіп жетіп, екі топ бірігіп альпинистік құрылғыларды пайдаланып, туристерді шетінен төмен түсіре бастайды.

Абырой болғанда құтқару операциясы сәтті өтіп, зардап шеккен азаматтар көлік жүретін алаңға дейін жеткізілді. Осылайша 7 адам құтқарылып, олардың біреуіне медициналық жәрдем көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар