Алматы су құбырларында бірнеше ірі апат орын алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда су құбырларында бірнеше ірі апат орын алды. Бұл туралы «Алматы су» МКК баспасөз хатшысы Серік Шағыров хабарлады.

Осыған байланысты 70-ке тарта үй сусыз қалған болатын. Қазір аталған үйлерге су беру қалпына келтірілді.

«Ең ірі апат Ақсай шағынауданында болды. Мұнда 15 көпқабатты үй, 3,4 шағынаудандарда 3 үй, Бостандық ауданында 6 үй, Түрксіб ауданында 60 жер үй сусыз қалды. Қазір бұлардың бәріне су берілді. 14 мамырда Саин көшесінің бойындағы жерасты жолының астында жүргізілген су құбырлары орталық су жүйесіне қосылады. Соған байланысты 14 мамырда таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін Орбита, Мамыр, Тепличный шағынаудандарында су беру тоқтатылады», - деді Серік Шағыров.

Оның айтуынша, қаладағы құбырлардың тозу көрсеткіші 69 пайызды құрап отыр. 2009 жылдан бері 54 шақырым су құбыры алмастырылған екен. Ал биыл 9 шақырым су құбырын ауыстыру жоспарланып отыр.

«2008 жылы су құбырларында 3854 апат орын алса, 2013 жылы 2220 апат тіркелген. Бес жылда бұл көрсеткіш 1500 жағдайға азайған. Мұндай көрсеткіш су қысымын реттейтін жаңа құрылғыларды орнатуға, құбырлардың сапасының артуына байланысты болып отыр. Құбырдың жарылуы көбіне су қысымының өзгеруіне байланысты болады. Сондай-ақ, 1990 жылдары қалада иесіз қалған құбырлар көп еді. Қазір олардың бәрі мемлекет балансына алынып, қалпына келтірілуде», - деп түйіндеді С.Шағыров.

Соңғы жаңалықтар