Алматы саябақтарында Wi-Fi пайда болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы билігі экологиялық проблемаларды ғарыштық технологиялар арқылы шешпек. Бүгін қала əкімдігінде «Қазақстан ғарыш сапары» ҰҚ АҚ пен «Алматы ақпараттық жүйелер орталығы» ЖШС, «Алматы даму орталығы» ЖШС-ылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Өзара ынтымақтастық аясында тараптар жерді қашықтан зондтау жəне жоғары дəлдіктегі спутниктік навигация үшін ғарыштық жүйелерді пайдалануды қолға алмақ.

Осылайша «Қазақстан ғарыш сапары» ҰҚ АҚ тиісті мақсатта пайдаланылмай жатқан жерлерді бақылап, нысандардың құрылысын, автокөліктердің қордалануын, қаладағы экологиялық мəселелерді қадағалауды қолға алады.

Сондай-ақ, əкімдік «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-пен келісімге келді. Уағдаластыққа сəйкес банк Алматыда жүзеге асырылатын инновациялық жобаларға 1 млрд теңге бөліп, саябақтар мен гүлзарларда 20 Wi-Fi нүктесін орнатуды қолға алады.

Қала əкімі Бауыржан Байбек инновациялық жобалардың алатын орнын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Алматының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Саябақтар мен демалыс орындарының абаттандырылуы қаламыздың туристік потенциалын одан əрі арттырмақ. Алматыға сапары барысында Елбасы тек қаржы жəне экономикалық орталық болып қоймай, инновациялық технологиялардың орталығы болуы тиіс деген болатын», - деді Б.Байбек.

Өз сөзінде қала əкімі бизнес қауымдастықтың əлеуметтік жауапкершілігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Алматы əкімдігі 9 банкпен меморандумға қол қойған. Өзара ынтымақтастық аясында балабақша, мектеп, емханалар салынып жатыр.

Соңғы жаңалықтар