Алматы репродуктологы ана болуға дайындалып жүргендерге вакцина алуға кеңес берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы репродуктологы Салтанат Байқошқарова «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында ана болуға дайындалып жүргендерге коронавирусқа қарсы вакцина алуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, вакцина қажет, өйткені бұл ананы да, баланы да қорғайды.

Салтанат Байқошқарова «Пробиркадан» шыққан тұңғыш қазақстандық баланың авторы және Қазақстандағы репродуктологияның негізін қалаушы. Ол ата-ана болуға дайындалып жүргендерге коронавирусқа қарсы вакцина алуға кеңес берді.

«Егер әйел жүктілік кезінде COVID-19 ауруын жұқтырса, қауіпті асқынулар туындайды», - деді Салтанат Байқошқарова.

Репродуктология мен эмбриология саласындағы танымал көшбасшы маман вакцина әйелді де, ер адамды да бедеулікке әкелмейді деп сендіреді. Сондай-ақ, маман коронавирус вакцинасынан кейін ЭКО бағдарламасынан бас тарту жалған екенін айтты.

«Коронавирус вакцинасынан кейін ешкім ЭКО-дан бас тартпайды. Вакцинаның екінші дозасын алып бір айдан кейін жүктілікті жоспарлап, ЭКО бағдарламасына баруға болады», – деді Салтанат Байқошқарова.

Сонымен қатар дәрігер вакцина адамның репродуктивті жүйесіне әсер етпейтінін жеткізді.

«Керісінше вакцина алған адамда коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасады сондықтан жүктілікті жоспарлауға болады. Вакцина ерлерді де, әйелдерді де бедеулікке әкелмейді. Біз науқастарға алдымен вакцина алуды, бір-екі айдан кейін жүктілікті жоспарлауды ұсынамыз», - деді дәрігер.

Оның айтуынша, егер әйел табиғи жолмен немесе ЭКО-мен жүкті болып, ауру жұқтырса жүктілік кезінде асқынулар болады.

«Әрине, қайғылы жағдай болғанын қаламайтынымыз анық, сондықтан вакцина алу маңызды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар