Алматы прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғады. Осы бағытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Алматы қалалық оңалту орталығының қызметін Түрксіб ауданы прокуратурасы тексерді. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған мекемеден заңсыз қызмет алмастырудың 16 дерегі анықталды.

Атап айтқанда, орталық қызметкерлері екі немесе үш қызмет жүктемесін өз мойындарына алып жұмыс атқарып, өздеріне жүктелген негізгі қызметтерін толыққанды орындай алмаған.

«Кеңес кабинетінің меңгерушісі өзінің негізгі қызметімен қатар осы кабинетке қарасты педагог-психолог қызметін атқарып, сонымен қатар мектеп-интернаттың да педагог-психолог жүктемесін атқаруды да өз қолына алған. Осындай жұмыстың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі балаларға диагностика жасау, денсаулықтарын зерттеу жұмыстары уақытылы өткізілмеген, ал медициналық-педагогикалық қолдау жұмыстары қажетті деңгейде атқарылмай қалған», - деді прокуратура өкілдері.

Орталықтың материалдық- техникалық және диагностикалық  әдістемелік жағынан жабдықталуы арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лайықты деңгейде емес, ал орталық ғимаратының іші санитарлық және өртке қарсы нормаларға сай еместігі белгілі болды.

Сондай-ақ, тірек-қозғалыс аппаратының ақауы бар балаларға, көру мүмкіндігі нашар балаларға арналған №123 арнайы балабақшаны тексеру барысында мекемеде медициналық жабдықтардың мерзімі өтіп кеткен күйінде қолданылғаны және санитарлық, өртке қарсы нормалардың талабы сақталмағаны анықталды.

Алматы қаласы Білім басқармасына прокуратура тарапынан заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді. Аталған арнайы мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қатал тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 3 қызметкері қызметінен босатылды. Сонымен қатар, аталған заң бұзушылықтарды жоюға шара қолданылып, мүмкіндігі шектеулі балалармен өткізілетін жұмыс қажетті деңгейде қамтамасыз етілді.

Соңғы жаңалықтар