Алматы прокуратурасы қала ортасындағы тергеу изоляторының жұмысын тоқтатты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы прокуратурасы сотталған-қамалған азаматтардың құқығын қорғау мақсатында қаладағы қылмыстық атқару жүйесі органдарының жұмысының заңдылығын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, прокурорлық тексеруден соң Сейфуллин-Мәметова көшелерінің қиылысында орналасқан №1 ЛА-155/18 тергеу изоляторы жабылды. Аталған ғимарат өткен ғасырдың 30-жылдарында салынған. Апатты жағдайдағы ғимараттың тура қаланың ортасында тұруы да қала тұрғындарына қолайсыздық туғызып отыр.

№18 мекемесінде қамаудағы адамдарды тергеуге шақыру тәртібі дұрысталды. Енді тергеушілер бұл шараларды тергеу изоляторында жүргізе алатын болды. Алматы әкімдігінің қолдауымен осы оқшаулау орнында фронт офис ашылады. Жаңа бақылау-өткізу пункті жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Прокурорлар күдіктілерді қамауда ұстау уақытын 10-15 тәулікке дейін азайтуға ұсыныс берді. Соның арқасында көптеген іс созылмай, адамдар тарапынан түсетін шағымдардың саны да азайды.

Сонымен қатар, адвокаттардың өтінішімен күдіктілер мен туыстарының оңаша кездесетін кабинеттері де көбейді. Атап айтқанда, кездесу кабинетінің саны 5-тен 18-ге артты. Сондай-ақ, қорғаушылар өз қорғауындағы азаматтармен сенбі күндері де кездесе алатын болды.

Қала әкімдігі прокуратураның ұсынысын ескере отырып, тергеу изоляторына дейінгі 3 автобус бағытына түзету енгізді. Бұрын жолаушылар тергеу изоляторына дейін 1,5 шақырым жаяу жүріп келетін.

Соңғы жаңалықтар