Алматы полициясы үш баланың өлімін тергеуді бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматы полициясы суға батып кеткен оқушыларға қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 2006 жылы туған Денис Мельников, Вадим Сизов және Сабыр Дүйсеғалиевтің өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Балалардың қаза болу себептерін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Үш оқушының үйден мектепке кетіп, содан қайтып оралмағаны туралы ақпарат Алатау аудандық полиция басқармасына 12 қаңтар күні кешкі сағат тоғыздар шамасында түсті.

«Ең алдымен, криминалдық және ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Балаларды іздеп табуға «LLider.kz» еріктілер қозғалысының өкілдері де атсалысты», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінен.

Кейін, су жағасынан жасөспірімдердің арқа қоржындары табылып, ол туралы құтқарушыларға хабарланған.

«13 ақпан күні таңғы сағат 04.31-де Алматының «112» пультіне Алатау аудандық полиция бөлімінен хабар түсті. Полицейлер Алатау ауданындағы «Теректі» ықшамауданында су қоймасының жағасынан іздестіріліп жатқан үш баланың мектеп сөмкелері табылғанын айтты. Оқиға орнына ҚР ІІМ ТЖК Республикалық шұғыл-құтқару жасағының сүңгуірлері (7 адам, 1 техника), сондай-ақ Алматы қаласының құтқару қызметі (5 маман, 1 техника) дереу аттандырылды», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Сүңгуірлер үш баланың денелерін 13 ақпан күні, таңғы сағат сегіздер шамасында судан шығарды.

Оқушылар өлі күйінде табылғаны жөнінде бұған дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлаған болатын.



Соңғы жаңалықтар