Алматы полициясы толғатқан әйелді перзентханаға жедел жеткізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полиция толғағы қысқан әйелді перзентханаға жедел жеткізді, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.

27 жастағы келіншектің толғағы үйінде басталған. Ері жедел жәрдем шақырмай, әйелін перзентханаға өзі жеткізбек болған.

Алайда, олар Ащыбұлақ ауылынан шыға берісте кептелісте бөгеліп қалған. Момышұлы мен Ақын Сара қиылысында қобалжыған жүргізушіге «Буран-002» экипажы келген.

Отағасы полициядан келіншегін ауруханаға дейін жеткізіп беруін өтінген.

«Полиция сержанты Ғалымжан Постанов пен Әміржан Есенбаев ойланбастан көлігінің дабылын қосып, «Хонда» жүргізушісіне артынан еріп отыруын айтқан. Келіншек 5 минутта №3 перзентхананың алдына жеткізілді. Әйел аман есен ұл бала туды. Екеуінің де жағдайы жақсы», - деді қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының полк командирі Манап Саттаров.

Әке атанған азамат келесі күні тәртіп сақшыларын іздеп тауып келіп алғысын білдірген.

«Полицейлердің шұғыл қимылдауының арқасында батыр туды. Жақында сержанттар Есенбаев пен Постанов олардың халін біліп шығады», - деді полковник Саттаров.

Соңғы жаңалықтар