Алматы полициясы Өзбекстан азаматшасын жыныстық құлдықтан құтқарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полиция жыныстық құлдықта болған Өзбекстан азаматшасын босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 жастағы әйелді қонақ үйлердің бірінің қызметкері 2018 жылдың қазанынан бері жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеп келген.

«Келіншектің өзі тәнін саудалаумен бұрыннан айналысқанын мойындап тұр. Қонақ үйлердің бірінде жұмыс істеуге өзі келіскен. Алайда, қонақ үй администраторы келіншектің төлқұжатын тартып алып, тапқан ақшасын түгел алып отырған», - деді полициядан.

Осы уақытқа дейін Өзбекстан азаматшасы еркінен тыс жұмыс істеп келген. Жақын күндері ол полицияға хабар беріп үлгерді.

«Полиция жедел әрекет ету операциясын жүргізіп, 46 жастағы қонақ үй администраторын ұстады. Ол ҚР ҚК 308-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді қалалық полиция департаментінің қылмыстық полиция басқармасы басшысының орынбасары Тимур Қаржаубаев.

«Қонақ үйді тінту кезінде тағы 6 жеңіл жүрісті келіншек ұсталды. Олардың екеуі Өзбекстан азаматшасы болып шықты. Олар ҚР Көші-қон заңнамасын өрескел бұзып келген. Тағы бір әйелдің жеке басын куәландыратын құжаты жоқ болып шықты», - деді баспасөз қызметінен.

Жыл басынан бері адам саудасы бойынша 14 қылмыс дерегі ашылды.

Атап айтқанда, ҚР ҚК 309-бабы бойынша тергелетін 8 жынойнақ ұйымдастыру дерегі, ҚР ҚК 308-бабы бойынша тергелетін әйелді мәжбүрлеп жыныстық қызметке тарту дерегі, кәмелет жасына толмаған қызды саудалаудың 1 дерегі, ҚР ҚК 128-бабымен тергелетін адам саудасының 1 дерегі тіркелген.

Соңғы жаңалықтар